ДЕПУТАТТАРДЫҢ ЖАЛАҚЫСЫН КӨТЕРГЕНШЕ, ӘЙЕЛДЕРДІҢ ЗЕЙНЕТКЕРЛІК ЖАСЫН ТӨМЕНДЕТСІН

/uploads/thumbnail/20170710042933522_small.jpg

Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен қазақ әйелдерінің зейнетақыға байланысты мәселесі әлі күнге дейін дау тудыруда. 2018 жылдан бастап әйелдер 58 жасында ғана зейнетке шыға алады және де бұл жас бір орында тұрақтап қалмайды. 2027 жылға дейін жас көлемі  63-ке кезең-кезеңдеп жоғарылайды екен. Сонда қоғам барлық күш-жігерінен айрылған, үйде немерелерімен ойнап, оларға тәрбие беруі тиіс әйелдердің жұмыс істеуіне соншалықты тәуелді ме? Бұл жұмсақ орындықта жай ғана қол қойып отыратын «бастық» әйелдер үшін қуантарлық жаңалық, әрине. Олар ай сайын тұрақты жалақысын еш қиналмай-ақ алып отырады. Ал күніге тапқан ақшасымен қай жыртығын жамайтынын білмей қиналып, тіпті,  түнін тағы бір жұмысқа арнайтын аналарымыздың жағдайын неге ойламаймыз? Қанша дегенмен қазақтың барлық әйелдері жұмсақ орындықта отырған жоқ қой. Бұрынғы қазақ әйелі  ошақ басында отырып, бала тәрбиесімен ғана айналысқандықтан тәрбиелі қыз бен намысты жігіт көп болған. Жақсы, жаңа ғасыр дедік, қыздар да білім алып, ерлермен бірдей жұмыс істеуге құқығы бар. Бірақ үйде бала тәрбиесімен айналысатын аналарымыздың қатары азайғанымен қоймай, үйдегі берекеге себепші болатын әжелеріміздің де жұмыспен қолы босамай жүретіндігі қазақ отбасы үшін қауіпті жағдай. Осыған байланысты , Алматы қаласының тұрғындарынан сұхбат жүргізген болатынбыз. Көптеген адамдар бұл шешімге қарсы пікір білдірді.

«Менің жасым 66-да,мамандығым  гинеколог,  бірақ әлі де жұмыс жасап жүрмін. Өз атымнан айтарым, әйелдердің физиологиялық жасы, жұмыс істеу қабілеті  58-дің өзіне әзер жетеді. Себебі, біздің елімізде әйелдердің, әсіресе бала көтеретін әйелдердің денсаулық коэфиценті өте төмен. Қазіргі кезде жас әйелдердің өзінің денсаулығынан кем дегенде бір ауру табылады. Сонда 63-ке дейін жұмыс жасайтын әйелдер қалай өмір сүруі тиіс?  Ешқандай әлеуметтік қаржыландыру жасалып жатқан жоқ, жасалса да өте төмен. Біздің алып жатқан байлығымыз бар, анау бар, мынау бар деп бөсеміз келіп, бірақ сол байлықтың қайда кетіп жатқанын білмейміз. Қазіргі кездің өзінде жас аналардың өлімі өте көп. Депутаттардың айлық жалақыларын көбейткенше, зейнетақы ретінде аналарға беруі керек. Экономикасы жағынан нашар деген Моңғолияның өзінде біраз қызмет тегін көрсетіледі. Ер адамдардың өзі 63 жаста зейнетке шықса, әйелдердің зейнет жасы олардан әлдеқайда төмен болуы тиіс. Әйелдер дегеніміз біздің болашағымыз. Қазір жастарда жоқ денсаулық 50-ден асқан кезде одан сайын асқынбаса, жақсармайды, тіпті 2-3 есе төмендейді. Бұл зейнеткерлік  жасқа біреу жетеді, біреу жетпейді. Сондықтан болашақты ойлау керек», - деп сұхбат берді Бибігүл Сәдуқызы. Біз тек әйелдердің ғана пікірін біржақты қарастырмай, ер адамдардан да сұхбат алған болатынбыз.

 «Әйелдердің жұмысы онсыз да ауыр. Өкіметтің жұмысын істейді, үйдің жұмысы бар, бала-шағасы оның тамағы, кір-қоңы бар. Енді оны істеп отырғандар анау парламенттегілер  ғой. Олардың жаны тыныш, қазан-табақ жумайды, үйінде үй күтушісі бар. Не қиындық көреді олар?  Жұмыстарына барады, 8 сағат отырады да, үйге барып демалып, келесі күні тағы жұмысқа бара салады. Ол жылы орыннан кетуге тағы болмайды. Бір депутат әйел  есімін  ұмытып тұрмын,  менің анам 70-ке дейін жұмыс жасады деп айтқан екен. Әрине, сондай рахат жұмыстан кейін мен де 80-ге дейін жұмыс істей алам. Барлық әйелдердің жаны тыныш болып, үйінде бір-бір үй күтушісі болса 80-ге дейін жұмыс істей алар еді. Биліктегі әйелдер өз жағдайларына қарап пікір білдіріп отыр, ал үй шаруасындағы әйелдердің, ауылдағылардың жағдайын кім ойлайды? Азаннан кешке дейін шаңның ортасында қара жұмыспен айналысатын да әйелдер бар. Күннің ыстығында , жаңбыр мен қарда да өліп-талып жұмыс істейді. Олардың зейнеткерлік жасын керісінше азайту қажет. Қазір 58-ге келгендер бұл мәселемен бас қатырмайды. Себебі олар зейнетке шығып кетті. Ал 1 жылдан кейін басқа әйелдер артық жұмыс жасай бастайды. Оның өзі олар үшін өте зиян. Әйелдердің бала-шағасы бар, немерелері бар оны бағу керек, қадағалау қажет. Олардың келіні мен баласы да жұмыста болады. Немерелері бала-бақшаға немесе мектепке барады, оларды апарып-әкету керек. Сонда балаларға кім қарайды, кім тәрбиелейді?  Осының бәрін ойланып барып, шешім қабылдау керек еді.   Жоғарыда отырып алып ананы істеу керек, мынаны істеу керек деп айту оңай. Биліктегілердің бірі тас жолдағы әйелдердің қара жұмысын 1 ай жасап көрсін. Көрермін сонда олардың қалай сайрайтынын. Мен темір жолда жұмыс жасағанмын. Бұрынырақта ерлер 60 жастан бастап зейнетке шығатын. Сол кезде менің қасымда жұмыс жасайтындар 60-қа бүгін жетсек, ертең бұл жұмысты тастаймыз дейтін. Бұл жұмыс тіпті ерлерге ауыр болды.  Ал қазір темір жолда әйелдер де қызмет етеді. Олардың жасында темір жолда жұмыс істеу  мүлдем қиын»,-дейді  65 жастағы зейнеткер Әуезхан Базарбаев.

Міне, зейнеткерлік жасқа байланысты тұрғандардың пікірі осындай болды. Шынымен де біз депутаттарымыздың жалақысын көтере аламыз да, күні-түні қара жұмыспен айналысатын әйелдеріміздің зейнетақысын беруге қиналамыз ба?  Қазақтың әйелдері бұрынғы кезде де ерлермен бірге қара жұмыс жасаған. Ол кезде жағдай ауыр болып, бала-шағаның қамын ойлап, аналарымыз өз денсаулықтарын ойламай жұмыс істейтін. Қазіргі жағдайымыз  ол кезден әлдеқайда жақсы емес пе?!  Тәуелсіз мемлекет болған кезде аналарымызды көкке көтерудің орнына, қара жұмысқа жегіп қойып отырмыз. Қазақтың қарапайым әйелдері бейнетінің зейнетін көру үшін соншалықты  қиналамыз деп ойламаған да шығар.

Авторы: Әсел Өтешова

Связанные Статьи