... (Сенат депутаттарын сайлаудың қарсаңында)
«Болыс болдым мінеки
Бар малымды шығындап
Түйеде қом, атта жал,
Қалмады елге тығындап». АБАЙ.
Әкім болдым мінеки
Бар байлықты шығындап.
Доллар, теңге қалмады
Жоғарыға тығындап.
Екі-үш жылдай отырсам,
Қайтарам-ғой «сығымдап».
Біріншісі- әмәнда,
Ауыстырдым команда.
Әр орынға кемінде
Жүз мың доллар жаман ба?
Екіншісі-жер саттым,
Пайдасы көп маған да,
Пайдасы көп «оған да».
Кеткенімді толтырам
Бірер жылда осылай,
Пара, «сыйлық» аламда.
Ұлықтарым сөз айтса,
Момақанмын мөлиген.
Зәре-құтым қашады
Қорыққандай өлімнен.
Қара халық сөз айтса
Тыңдамаймын «пысқырмай».
Арызы мен сындарын,
Жүре берем «қыстырмай».
«Көк үйден» келсе «көкелер»
Мақтауымды асырам.
«Былық» пенен « шылықты»
Білдіртпеймін жасырам.
Баға кетті шарықтап,
Қылмыс деген көбейді,
Жұмысы жоқ аш халық,
Ұрлық қылмай не жейді?..
Есеп берем өтірік,
Халқым менің «қарық» деп.
«Киімі көк,қарны тоқ»,
Көшелері жарық деп.
Алла-құдай жар болса,
Астанада «крышам»,
Аман- есен бар болса,
Әбден байып алған соң,
«Қойны-қоншым» толған соң,
Парламентке барамын,
Айлығыма бұйырса,
Бір миллион аламын.
Бір де ұйықтап, бір де ояу,
«Артты қысып» отырам.
«Қалаулы» боп халқыма,
Депутат боп «қатырам»!
Аймұханбет Бейсембеков