Сирияға көшіп кетіп, екі жыл ДАИШ құрамында болған британдық ару өз еліне оралып, сот үкімін күтуде. Қызының оқиғасы жайында сотқа толық ақпаратты әкесі айтып берген, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі шетелдік life.ru басылымына сілтеме жасап.
Ислам дінін қабылдаған 22 жастағы Колсома Бегум мен оның 23 жастағы күйеуі Стефан Аристиду тұтқындалып, өткен аптада Түркия билігіне қайтарылған болатын. Британдық отбасылық жұп 2015 жылы ДАИШ құрамына кірген. Кейіннен Сирия шекарасына жақын орналасқан Түркияның Килис қаласында экстремистік сипаттағы қылмыс жасады деген айыппен тұтқынға алынған болатын.
Соғыс жүріп жатқан елде Колсома бір бала босанған, кейіннен оны Ұлыбританияға қайтаруға талпынған. Отбасылық жұптың айтуынша, олар ДАИШ-тың құрамына шариғат заңыдары бойынша өмір сүру мақсатында қосылған, алайда оның экстремистік бағыттағы ұйым екендігін білгеннен соң дереу бас сауғалауға тырысқан. Ал өзінің туған жерлеріне келу үшін, олар ең алдымен соттың алдында жауап берулері тиіс.
«Олар жастықпен істеген қателіктерінің жазасын өтеуі қажет. Дегенмен кез келген адам екінші мүмкіндік алуға лайықты деп ойлаймын», - деп мәлімдеді Колсоманың әкесі Ахмед Әли.
Әкесі қызының Стефанға тұрмысқа шығып, Сирияға кету жайлы пікірін құп көрмей, кінәлаған. 2015 жылы тұрмыс құрған уақытта қыз акушер мамандығында оқып жүрген болатын. Ал қазір Ахмед Әли қызының өз қателігін түсінгендігін, ДАИШ-тың қандай ұйым екендігін білгеннен соң туған жеріне оралуға шешім қабылдағандығын айтып, қорғау үстінде.
Колсома әкесінің сөзіне қарсы шығып, басқа мемлекетке қашып кетіп, сол жерде тұрмысқа шыққан. Бір күнде жоғалып кеткен қызының елден кетіп қалғандығын әкесі бастапқыда білмеген де. Лондон қаласындағы пәтерлеріне полиция қызметкерлері баса-көктеп кіріп, әкесіне мән-жайды түсіндірген екен.
«Менің қызымды Сирияға кетіп қалды деген сөздеріне басында сене алмадым», - дейді Ахмед Әли.
Отбасылық жұптың айтуынша, олар Сирияда абақтыда тұрған секілді өмір сүрген және де сотта жауап беруге дайын екендіктерін, тек Англияда тұруға рұқсат бергендерін қалап отыр. Деректерге сәйкес, Аристидудың қандай да бір терроризмге қатысы бар екендігі анықталса, оған 15 жылға бас бостандығынан айырылу қауіпі төніп тұр.
Аударған: Назерке Лабихан