«Алаш» партиясының 100 жылдығына орай Баянауылда аттылар экспедицияға шықты

/uploads/thumbnail/20170710065052574_small.jpg

«Алаш» партиясының 100 жылдығына орай Баянауыл ауданының азаматтары «Ұлыларға тағзым - ұрпаққа аманат» деп аталатын атты экспедиция құрып, тарихи орындарды аралауды бастады, деп жазады Қамшы ақпараттық агенттігі. Бұл туралы әлеуметтік желіде  Нұр Отанның Баянауыл парақшасы жазған.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Туған жер» бағдарламасы аясында облыстық мәслихат хатшысы Орал Сартаевтың бастамасымен және «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының қолдауымен құрылған экспедициялық топтың құрамында жеті адам бар. Олар өңірдегі киелі жерлерді, тарихи ескеркіштерді және танымал тұлғаларды тудырған елді мекендерді атпен аралап, ауыл жастарымен кездесуде.

- Атты экспедиция 12-мамыр күні жолға шықты. Мақсатымыз - шалғай ауылдардағы жастармен кездесіп, жас ұрпақты елін-жерін сүйюге үгіттеу, оларды ат спортына және ұлттық өнерге баулу. Алдымен ат басын Лекер қажы атындағы ауылға бұрып, ауыл тұрғындарымен және жастарымен кездестік. Одан шыққан соң Жүсіпбек Аймауытов және Жұмат Шанин ауылдарына барып, ұлылардың туған жеріне тағзым жасадық. Аймауытов ауылында көкпардан жарыс ұйымдастырылса, кейінгі елді мекенде асық ату сайысын өткіздік. Сонымен қатар, осы ауылдардағы Күреңбай сыншының зираты, Қабылбек, Қазірет мекеніндегі ұлылардың қорымына, сондай-ақ, Майлытондардың ескі зиратына, Нұрғали молланың медресесі болған орынға, ұста, зергер, кенші, геолог - Қосым Пішембаевтың мәңгілік жатқан жеріне барып дұға оқып, құран бағыштадық, - дейді облыстық мәслихаттың депутаты Орал Сартаев.

Салт аттылардың ендігі бағыты – Бұқар Жырау, Мәшһүр Жүсіп кесенелеріне тоқтап, ұлылардың рухына дұға бағыштау. Одан кейін ат басын Жаяу Мұса, Қаныш Сәтбаев және Сұлтанмахмұт Торайғыров ауылдары мен Шәкен Айманов дүниеге келген Айманбұлақ жеріне бұру. Жүрген жерлерінде әртүрлі кездесулер, мәдени және спорттық шаралар ұйымдастыруды жоспарлап қойған. 

Айта кетейік, саяхатшылардың құрамында облыстық және аудандық мәслихаттың депутаттары, өнер және спорт саласының мамандары бар.

Связанные Статьи