Төсекте жатқан баланың шашы түсіп қалған, терісі жасыл түске енген. Ол бұрышта немересіне жылы шұлық тоқып отырған егде жастағы еден жуушы әйелге қарап «Әмина апа, мен өлмей-ақ қойсам бола ма?» деп сұрады.
Бұл сұрақты естіген әйел төбесіне суық суды құйып жібергендей күй кешті. Адам мұндайға ешқашан еті үйренбейді. Ешқашан...
«Жаным-ау, о недегенің? Әрине өлмейсің...» деді әйел көзіндегі жасты жасыруға тырысып.
«Әмина апа, сенбі күні анамның туған күні еді. Мен оған өз қолыммен сыйлық дайындадым. Егер өліп қалсам қалайша оны тарту етпекпін? Сенбі күні өлмесем бола ма? Бола ма?» деді жалынышты үнмен бала.
Онкология. Өлім мен өмірдің арасындағы сызық секілді. Онкологиялық аурудың жазылмайтын түріне шалдыққан балалардың санаулы күндері қалды. Бірі бір апта өмір сүрсе, екіншісі бір айдан кейін о дүниелік болуы мүмкін.
Оған ештеңе керек емес. Ол тек анасының туған күніне дейін үзіліп кетпеуді армандайды. Түрлі-түсті қағаздан жасаған сыйлығын тарту етіп, анасының жүзінен қуанышты көргісі келеді. Оның өміріндегі ең қымбат сыйлық...Соңғы сыйлық...
2016 жылы 36 мыңнан астам қазақстандық онкологиялық ауруға шалдыққан. Жыл сайын қатерлі дерттен 13 мың адам көз жұмады. Солтүстік пен Шығыс Қазақстанда қатерлі ісіктен көз жұматындардың саны көп.
Байлық пен мансап уақытша, қуаныш пен қиыншылық өткінші. Тек адамның артынан қалдыратын сара жолы, асыл мирасы мәңгілік.
Болмашы мәселеге бола өмірден түңіліп, өмірден баз кешіп жататынымыз жасырын емес. Алайда жақын адамдарыңның аман-есен жүруінің өзі өмірдегі ең үлкен бақыт екенін түсіне бермейміз. Кейде кеш түсінеміз.
Дайындаған: Әсем Әлмұханбет