Шетелде тұратын қазақстандықтар көп. Олардың бірі елге қайта оралса, енді бірі сол елде қалады. Шетелде алған білімі мен тәжірибесін Қазақстанның дамуы жолында аянбай еңбек ету үшін қайта оралатындар да көп. Қамшы ақпараттық агенттігі weproject.kz-ке сілтеме жасап шетелде тұрып жатқан 3 қазақстандықтың қазіргі өмірі мен елден неліктен кетуге бел буғаны туралы жазбаны назарларыңызға ұсынады.
Айгүл Жолдасова
38 жаста Project Costcontroller (экономист), туған жері – Атырау, қазір Норвегияның Осло қаласында 2007 жылдан бері тұрады
Мен 10 жыл бұрын Қазақстаннан Осло қаласына көштім. Ол уақытта Атыраудағы норвегиялық мұнай компаниясында жұмыс істедім. Тәжірибе алмасу бойынша мені Осло қаласына 2 жылға жұмыс істеуге шақырды. 2009 жылы дағдарыс болып компанияның әлем бойынша біраз филиалы жабылды. Маған Норвегияда жұмыс ұсынылды.

Жаңа жерге ұзақ бейімделдім. Адамдардың қарым-қатынасы, тағамы барлығына үйренісе алмадым. Алғашқы екі жылда қатты қиналдым. Тезірек уақыт өтіп Қазақстанға оралсам екен деп ойладым. Отбасым, достарымды қатты сағындым. Себебі Норвегиямен салыстырғанда қазақстандықтардың мінезі ашық.
Қазір Қазақстанға жылына 2-3 мәрте барамын. Соңғы рет сәуір айында болдым. Әкем мен студент кезден араласып жүрген достарым Алматыда тұрады. Әпкем Астанада, қалған туысқандарым Атырауда. Сондықтан бір жылда үш мәрте осы үш қалаға келуге тырысамын.
Қазақстандық газеттерді оқимын. Оның ішінде Атыраулық басылымдар да бар. Сонымен қатар Instagram мен Facebook-те қазақстандық блогерлердің жазбасын үнемі бақылап отырамын.
Норвегияда адам өмірін жақсарту мақсатында, балалар болшағы мен инфрақұрылымды дамыту үшін көптеген жұмыстар атқарылады. Шетелде тұрғаннан кейін Қазақстанда көптеген саланы әлі де дамыту қажет екенін түсінесің. Қомақты қаржыны желге ұшырып жатырмыз. Ал жағдайды түзету үшін кішкентай қадамдардан бастау керек. Әр тұрғын өзінен бастау керек. Мәселен, тек өз үйлерін ғана емес пәтер дәліздерін, аулалардың көркеюуіне, таза болуына мән беру керек.
Мен Қазақстанды қатты сағындым. Ендігі жылы Қазақстанда тойым болады. Өзіммен бірге 30-50 норвегиялықты қонақ қылып алып келемін. Оларға Қазақстанды көрсеткім келеді. Мен Қазақстанды мақтан тұтамын.
Думан Қыдықов
27 жаста, Product Engineer, туған жері — Алматы, Тұратын жері - Хьюстон, Техас штаты, АҚШ. Хьюстонда 2008 жылдан бері тұрады.

Мен шетелде білім аламын деп өзіме мақсат қойдым. Мектепті бітіріп, Америкаға оқуға кеттім. Ең алдымен тіл курстарын оқудан бастадым. Одан кейін қаржыгер мамандығы бойынша курстарға барып жүрдім. Алайда курстың жартысына келгенде бұл менің қалауым емес екенін түсініп, мамандығымды өзгерттім. 2016 жылы Хьюстон университетін mechanical engineering (механикалық инженерия) мамандығы бойынша бітірдім.

Мен үшін Америкаға бейімделу қиынға соқпады. Алғашқы жылдары ТМД елдерінің азаматтырымен тығыз қарым-қатынаста болдым. Одан кейін қалыңдығым екеуіміз қоршаған ортамыз қазақтар мен орыс тілді азаматтар екенін байқап саналы түрде олардан алшақтай бастадық. Сол уақытта американдық өмір салтына үйренісу процессі басталды.
Мен түрлі студенттік ұйымдарға жазылдым. Университеттің атынан теннис ойнай бастадым. Американ футболын жақсы көріп қалдым. Соның нәтижесінде мені Хьюстанда шетелдік емес өз адамы секілді қабылдайды. Мен бұған қуаныштымын. Себебі тілдік және мәдени кедергілерден өте алдым.
Қазақстанда менің анам мен ағам тұрады. Олар мүмкіндігіне қарай АҚШ-қа келіп тұрады. Соңғы рет Қазақстанға 2008 жылы барғанмын.
Шетелде біраз уақы тұрғаннан кейін туып-өскен елге деген қарым-қатынасыңыз өзгереді. Шетелге көшіп кеткендер менімен келіседі. Неліктен бізде мынау жоқ, немесе анау сала дамымаған деген ойлар жиі мазалайды.
Мен Қазақстан жаңалықтарын бақылап отырамын. Алайда жұмыс кестем өте тығыз болғандықтан жиі қарап отырамын деп айта алмаймын. Көшіп кеткен уақыттан бері Қазақстан жақсы жаққа қарай өзгерді. Ғаламтор арқылы жаңа ғимараттар, жолдар, мейрамханалар мен сауда үйлері салынғанын көремін. Алайда көліктің бұрынғымен салыстырғанда бірнеше есеге көбейгені бар. Ал автотұрақ аз. Болашақта бірнеше қабатты автотұрақтар салынады деп үміттенемін. Сонымен қатар, ірі қалалар арасындағы жолдардың жағдайы да көңіл көншітпейді.

Қазақстан менің Отаным. Сондықтан елімді, халықты, қазақстандықтарға тән қонақжайлық пен жылылығын сағынамын. Әйелім екеуіміз қазақпыз. Сондықтан айына бір мәрте ет асып, манты түйіп, палау басып оны ыстық сүт қатқан шаймен ішеміз.
Ербол Есқалиев
33 жаста, IT, Conoco Phillips мұнай компаниясы, туған жері — Арқалық, Қазір Сан-Франциско, Калифорнияда тұрады. АҚШ.
2003 жылы мен американдық мұнай компаниясында жұмыс істедім. Сонда бір жыл жұмыс істеп еңбек демалысымда АҚШ-тың Калифорния штатына бардым. Бірнеше апта өткеннен кейін ата-анам АҚШ-та қалуға көндірді. Сонда жоғары білім алуға кеңес берді. Жұмыстан шығып, Америкалық университетке түсуге талпындым. Ата-анам менің сапалы білім алуым үшін тұратын жерімді қамтамасыз етті. Сол үшін оларға шексіз ризамын.
Америка халқы жылы көрінгенімен, өте қаһарлы ел. АҚШ-та «If it’s not about the money, it doesn’t make sense» деген мәтел бар. Ол «Ақша барлығының басы» деген мағына береді. 2009 жылы Operations Management мамандығы бойынша жоғары білім алдым.

АҚШ-та қысқа уақытқа болса да келген түрлі ел азаматтары оның өмір сүру деңгейі мен қаншалықты дамығанына тәнті болып кетеді. Іссапармен АҚШ-тың бірнеше қаласында болдым.
Осы уақыт аралығында көп адаммен достасып үлгердім. Қазақстаннан келген қонақтарды қуана қарсы аламын. Ғаламтор арқылы Қазақстан жаңалықтарын біліп отыруға тырысамын.
Мен жылына бір рет Қазақстанға келуге тырысамын. Көбіне еңбек демалысына жоспарлаймын. Әйелім екеуіміз демалысты Гавайяда өткіземіз бе әлде Парижге барамыз ба деп ұзақ ойланамыз да, нәтижесінде Шымбұлақта кәуап жеп отырамыз.
Соңғы 14 жылда Қазақстан жақсы жаққа қарай өзгерді. Экономика дамып, мәдениет саласы да жоғары сатыға көтерілгені анық байқалады. Жақын уақытта Отаныма оралып, оның дамуына үлес қосамын деп үміттенемін.
Аударған: Әсем Әлмұханбет