Кейде үлкен кісілерден гөрі бүлдіршіндердің ақылына, даналығына қайран қаласың. Өмірге енді ғана қадам басып келе жатқан кішкентай балақайға қарап, өзіңді тәрбиелейсің, бой түзейсің. 6 жастағы Елена Дессеричтің небәрі 6 жылғы өмірі адамзатқа ғасырлар бойы үлгі болып қалары сөзсіз.
Өзінің өлетінін білген 6 жасар қыз үйдің әр бұрышына отбасына арналған хаттар қалдырған. Хатында бүлдіршін жүректің суретін салып, әкесіне, анасына, сіңлісіне деген махаббатын жеткізді.
Елена Дессерич атты бүлдіршіннің миында қатерлі ісіктің бары анықталғанда, жасы небәрі 6-да еді. Бірнеше айы ғана қалғанынан хабардар қыз өзінің өлімінен кейін отбасы қуанып қалсын деген ниетпен бірнәрсе қалдырмақ болады. Ол үшін 100-ге жуық хат жазып, үйдің әр бұрышына тығып қойды.
Еленаның махаббатқа толы хаттары сөрелерде, кітаптардың беттерінде, қораптарда жатты. Әр хатында күлкі мен жүректердің суреті салынып, «Мен сіздерді жақсы көремін, ана, әке, Грейс», «Ауруға шалдыққаным өкінішті» деп жазылған.
«Елена ақылды қыз болатын. Өзінен кіші қыздарға көмектесіп, үлкендердің қиналғанын көрсе, жұбатып жүретін» дейді Еленаның әкесі.
Еленаның ауруы қатерлі ісіктің сирек кездесетін түрлеріне жататын, ол кезде ауруға шипа болатын дәрі-дәрмектер де болмаған. Әкесінің айтуынша, қыз мұның бәрін жақсы білген, сезген, алайда өзі үшін емес, сіңлісі үшін уайымдайтын.
Дерт қызды күннен күнге солдыра берді. Алғашында даусынан айырылды, сөйтіп жиі талмасы ұстап қалатын болды, бірақ бұл қиындықтар қыздың хат жазуына бөгет келтірген жоқ. Еленаның құрметіне ата-анасы өзге қатерлі іскке шалдыққан балалар үшін қайырымдылық қорын ашты.
Шолушы: Гүлім Жақан
Оставить комментарий