Әлеуметтік желіде қолданушылар «Foreign Policy(Сыртқы саясат)» журналы сайтының ашылмай қалғанына назар аударды деп жазады Qamshy.kz.
Қамшы тілшісі аталған журналдың web беті Қазақстанда неге ашылмай тұрғанын ізденіп көрді.
Жаһандық саясат, экономика, интеграция тақырыптарын жазатын, екі айда бір басылып шығатын танымал журналда 15 маусымда Қазақстан туралы мақала шыққан. «Қазақстан Өлім Жұлдызын жасауға 5 миллиард доллар жұмсады бірақ ол лазермен ата алмайды» деп аталатын мақалада EXPO-ның бас нысаны «Нұрлы әлем» ұлттық павильоны «Өлім Жұлдызына» теңеліп, мысқылға алынған. «Өлім жұлдызы – «Жұлдызды соғыстар» фильміндегі бүкіл ғаламшарды қиратуға жеткілікті күші бар қаруланған ғарыштық станцияның атауы. Мақала авторы EXPO-Astana-ның бас нысанын фильмдегі ғарыш станциясына ұқсатқан.
Автор мақаласында Орталық Азияның астанасы әлемге әйгілеп жарқыратып көрме салғанын, алайда «оған қонақ шақыруды» ұмытып кеткенін, постсоветтік елде көрменің ашылуында да ығы-жығы адам болмағанын айтады. Сондай-ақ ол, EXPO-ның дүбірі естілгенде Қазақстанның 5 миллион қонақ келеді деп күткенін, бірте-бірте «арманының» 2 миллион, 1 миллионға дейін азайған, ақыр соңында ашылу салтанатында 10 мыңдай ғана адам болғанын жаза келе, 2010 жылы Шанхай көрмесінде 73 миллион адам болғанын еске алады.
Мақала авторы ары қарай Қазақстанның ішкі-сыртқы саясатын саралай келе, тіпті EXPO-ның Алматыда өтпегеніне де «қынжылыс» білдіреді.
FP журналы осы мақаланы басқан соң Қазақстанда ашылмай қалды ма ол жағы белгісіз. Қамшы тілшісі қазақстандық провайдерлерге қоңырау шалып көрді. Алайда мардымды жауап ала алмады.
Танымал журнал басқан мақала EXPO өткізген елдің шымбайына батты ма? Ол жағы да белгісіз. Бір анығы EXPO басталғалы басынан дау арылмай келеді. Қазақстандағы ең жексұрын қылмыс жемқорлықпен шатылып бірінші басшысы қапасқа қамалды. Өткен жылы қарашада ЭКСПО-ның бірнеше павильоны құлады. Сол кезде тіпті EXPO салуға ақша жоқ деп Есімов кәсіпкерлерден ақша да жинады. Соңғы бір жыл бойы ауыл мұғалімдеріне ЭКСПО билеттерін күштеп алғызып жатқаны ақпарат шығып келгенде елең етпеген едік, тіпті сол билеттер жасандылары бар боп шықты.
Біздің қайғымыз АҚШ-тың алпауыт журналының Қазақстанда ашылмай қалғаны емес, сол журналда жақсы жағынан көріне алмағанымыз; Сол журналды оқыған мыңдаған оқырманның Қазақстан туралы қалыптасатын пікірі... Осы сәттерде амалсыз, ырықсыз Астана беттеп бара жатқан ауыл мұғалімдерінің күйі...
Нұрғали НҰРТАЙ