Астана тұрғыны көшеде серуендеп жүріп кездейсоқ оқиғаға тап болды, деп жазады Қамшы ақпараттық агенттігі. Балмұздақ сатып тұрған әйел адам фонтан суынан су толтырып алып, балмұздақ салып беретін қасықтарды жуған. Ер адам оқиғаны видеоға түсіріп алып, әлеуметтік желіге салды. Жазылған пікірлерге назар аударсақ, оқиға Астана қаласы «Қазақстан» ауданындағы студенттік саябақта орын алған.
«Жаңа ғана фонтан маңында серуендеп жүріп, балмұздақ сатып тұрған әйелдің фонтан суынан су толтырып, жанына қойып қойғанын байқадым. Қандай мақсатта алғанын білу үшін сәл күтуді жөн көрдім. Әйел адам әлгі суға балмұздақ салатын қасықтарды жуды. Жанында тіпті кішкентай бала да болды. Қай ананың балаларды улауға дәті барады екен? Егер арнайы құзырлы органдар байқаса, істің мән жайын тергесе деймін. Мүмкін ЭКСПО-ға қарсы фонтан суы да ішуге жарамды болып кеткен шығар, кім білсін?», деп жазды ер адам видеоның астына.
Шолушы: Сабина Рамазан