Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасы Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Алматы қаласының 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатында және Алматы қаласы әкімдігінің «Мемлекеттік қызметші күнін өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына» сәйкес мемлекеттік басқару органдары мен мекемелерінде жұмыс істейтін мамандар арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты қалалық байқау өткізеді деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі.
Байқаудың мақсат-міндеттері: қазақ тілінің қолданылуын дамыту, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау. Мемлекеттік басқару органдары мен мекемелері қызметкерлерінің қазақ тілінде сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, шешендік қабілетін дамыту, мемлекеттік тілде жұмыс істейтін мамандарды көтермелеу.
Байқау бес кезеңнен («Жадымыздағы жайлар» кезеңі – сұрақ-жауап, «Қазақ сөзі» кезеңі – тіл туралы қанатты сөздер, мақал-мәтелдер, айтулы тұлғалардың тіл туралы айтқан ойларына байланысты тапсырма, «Жер-судың аты – тарихтың хаты» кезеңі – Қазақстанның танымал жерлеріне байланысты тапсырмалар, «Мәселенің мән-жайы» кезеңі – тіл мәселесіне байланысты өзекті ойлар талқысы, «Мәңгілік Ел – Мәртебелі тіл» кезеңі – шығармашылық кезең) тұрады. Әр кезеңде қатысушылар ойды жеткізе білу шеберлігі мен сөйлеу мәдениетін көрсетуі тиіс.
Байқаудың қазылар алқасы құрамына мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың ресми өкілдері енеді.
Байқаудың жүлдесі: Бірінші, екінші, үшінші жүлделі орын алғандарға тиісті дәрежедегі дипломдар мен бағалы сыйлықтар, қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тапсырылады.
Оставить комментарий