ҚР АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ МИНИСТРЛІГІ ЖАУАП БЕРДІ НЕМЕСЕ ШЕТЕЛДІКТЕР ЖЕРДІ ҚАЛАЙ АЛЫП ЖАТЫР

/uploads/thumbnail/20170716220907938_small.jpg

Мен 20.06. 2017 жылы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А. И. Мырзахметовке хат жолдап, Ресейдің «АГРОбизнес» порталы Оңтүстік-Қорасан (Иран) ауыл шаруашылығы ұйымы Қазақстаннан 10 мың гектар ауылшаруашылық жерлерін жалға алуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді, - деген хабарға байланысты бірнеше сұрақ қойған едім.

Бүгін,    ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е. Нысанбаевтан жауап алдым. Сонымен білгеніміз:

«Аталған облыстардың жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес, 2016 жылғы 6 мамырдағы «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» ҚР Президентінің Жарлығымен мораторий жарияланғаннан кейін Иран елінің ұйымдары мен азаматтарына ауыл шаруашылығы жерлерін берілмегенін хабарлады»,-дейді вице-министр.

 Сонымен қатар, 2015 жылы Алматы облысы әкімдігі, Жамбыл ауданында «Empire Food» («Империя Фуд») ЖШС-сі (құрылтайшысы Иран Ислам Республикасы елінің азаматы) сатып алу келісім-шарттары негізінде жалпы алаңы 7,53 га және 7,9085 шаруа қожалығын жүргізу үшін берілген жер учаскесін қазақстандық азаматтардан сатып алғандығын мәлімдеді.

Кейіннен, ҚР Жер кодексінің 66-бабына сәйкес, Жамбыл ауданы әкімдігінің қаулысымен «Empire Food» («Империя Фуд») ЖШС-нің жеке меншік құқығындағы жер учаскелерінің нысаналы мақсаты шаруа қожалығын жүргізуден тауарлы ауыл шаруашылығын жүргізуге өзгертіліп, сәйкестендіру құжаттары әзірленіп, жер пайдаланушыға берілген.

Қорыта келгенде, заң шеңберінде шетелдік азаматтар Қазақстаннан жерді жеке меншікке сатып ала алады.

Ауылшаруашылық жерлерінің пайдалану мақсатын жергілікті әкімдер өзгертеді. Ауылшаруашылық жерлерін ал да, әкімнің көмегімен пайдалану мақсатын өзгертіп ал. Бітті жер сенікі. Осылайша түрлі жолмен шетелдіктер жерімізді жеке меншікке сатып та, жалға да алып жатыр. 

Сондықтан, ҚР Ауылшаруашылық министрлігімен, Парламент депутаттарымен бірлесе отырып, жерге қатысты заңдарға толықтай сараптама жасап, шұғыл түрде толықтырулар мен өзгерістер енгізу қажет.

Халық, белсенділер жерді реттеуге бағытталған заңдарды өзгертуді талап етіңіздер.

Жер ешкімге сатылмасын, шетелдіктерге жалға да берілмесін!

 

Мақсат Ілиясұлы

Связанные Статьи