Бұл туралы Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбектің Facebook парақшасында хабарланды. Министр төмендегідей жазба жариялаған.
Достар, жақсы жаңалығымыз бар!
2 шілдеден бастап EXPO-2017 халықаралық көрмесі меймандарына жағдай жасау мақсатында «Эйр Астана» әуе компаниясы орындайтын Астана–Дели бағыты бойынша жаңа халықаралық рейс ашылады. Қазақстан мен Үндістан астаналарын байланыстыратын рейс аптасына 3 рет, дүйсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері қатынайды. Халықаралық рейсті ашу үшін ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті мен Үндістанның авиациялық билігі бірлесіп нәтижелі жұмыс атқарды.
Қазақстанның халықаралық транзиттік хабқа айналуы маңызды қадамдардың бірі. Жаңа халықаралық рейс Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2020 жылға дейін еліміз арқылы өтетін транзиттік жолаушылар ағынын 4 есеге дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылып отыр.
Соңғы 7 жылда транзиттік әуе жолаушылар ағыны 20 есеге артты. Перспективалы бағыттардың бірі Үндістаннан Қазақстан арқылы ТМД елдеріне бағытталған транзиттік жолаушылар маршруты. Екі ел астанасы арасын жалғайтын рейс 2004 жылдан бері «Эйр Астана» әуе компаниясы орындап келе жатқан Алматы – Дели – Алматы рейсін толықтыратын тиімді жоба. Сондай-ақ, аталмыш рейс Халықаралық Астана қаржы орталығы жұмысының ілгерілеуіне септігін тигізеді деп күтеміз.
Еске сала кететін болсақ, «EXPO — 2017 Astana» ұлттық көрмесі аясында Қазақстан бірқатар Батыс елдерімен тікелей рейстер ашты. Оған отандық әуе компаниялардың қосқан үлесі зор деуге болады. Air Astana әуе компаниясы EXPO — 2017 Astana ұлттық көрмесінің ресми серіктесі болып табылады.