Жан-жақты шарпыған жалын қазір Франция жұртын әбігерге салып жатыр. Мұнда отқа оранған аумақтың көлемі 3 мың гектардан асады. Тілсіз жаудың кесірінен мыңдаған адам үй-жайын тастап, қауіпсіз аймаққа көшті. Жергілікті билік өртті өшіруге өзінің шамасы жетпейтінін мойындап, Еуроодақтан көмек сұрады. Португалиядағы жағдай да осыған ұқсас. Мұнда ұйытқыған желдің үдей түсуіне байланысты жалын тым жедел жайылып барады, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап.
Ал португалдық өрт сөндірушілердің оны тежеуге қауқары жетер емес. Жергілікті ақпарат көздерінің мәліметіне қарағанда, Португалия – Еуроодақ елдері ішінде жалынмен күресуде ең пәрменсіз мемлекет. Өйткені, мұнда өрт ошағын анықтау басқармасы бір министрлікке, ал оны өшіретіндер өзге министрліктің құзырына қарайды. Сондықтан өзара ақпарат алмасу өте сылбыр.