Құсман Шалабаев: Латын жазуына көшу – тағы бір даму мен өсу

/uploads/thumbnail/20170925123648675_small.jpg

Қазіргі таңда қоғамдағы алдағы кезекте тұрған мәселеле - латын әліпбиіне көшу. Латын әліпбиіне көшу мәселесіне Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында баса назар аударып, қазіргі кезде жаңа әліпбиге көшу жұмыстарының кезең-кезеңімен өз уақытында орындалуда. Еліміздің көптеген зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, түрлі ұйымдар, өнер мен мәдениет ошақтары, іргелі және жоғары оқу орындарының ұжымы, мәдениет қайраткерлері бұл бастамаға бірауыздан қолдау білдіріп, өте дұрыс шешім деп қабылдады. Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің Мәдени саясат комиссиясының төрағасы Құсман Шалабаев, латын әліпбиіне көшу – заман талабы екендігін айта отырып, жаңа әліпбиге қатысты өзінің пікірін білдірді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

«Қазақ қоғамын бүгінгі таңда тағы да бір белес күтіп тұр. Ол асқаралы асуға жету үшін жиырма бес жыл бойы экономикалық тұрғыдан дамып жетіліп, енді міне шынайы тұрғыда рухани жаңғырудың жаңа жолына қадам басқалы отырмыз. Елбасымыз «Балашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында еліміздің көптен күткен армандарына қол жеткізудің сара жолдарын саралап, нақтылы бағыт пен бағдар берді.

Тәуелсіз еліміздің жаңа елордасын салып, Астананы асқақтатып, бұрын көрмеген зәулім үйлер мен сұлу ғимараттарды өз қолымызбен құрып, кереметіне бөлендік. Көптеген мектептер мен емдеу-сауықтыру орындары заман талабына сай жаңаша үлгіде бой көтерді. Шетелдермен халықаралық қарым-қатынас артып, халқымыз әлемді аралаудың көптеген мүмкіндіктеріне ие болып, бөтен елдерді шарлап келіп, бәрібір Қазақстанға жететін жер жоқ деп тамсанатыны бәрімізге аян. Бұның барлығы экономикалық әл-ауқатымыздың артқанының арқасында болған материалдық құндылықтар. Ендігі кезекте қарынның тоқтығы мен уайымның жоқтығына шектеліп қалмай, жан дүниеміз бен руханиятымыздың, дініміз бен діліміздің, соның барлығының бастауында тұрған ана тіліміздің биік белеске көтерілуіне күш салуымыз керек. Ол үшін алдыменен әліпбиімізді реттеп алған жөн. Әліпбиімізді бір ретке келтірсек, оның арғы жағында қазақ тілінің келешегіне кемел жол ашылады. Әр тілді үйрену үшін алдыменен оның әліпбиін үйрену керек. Сондықтан қазақ тілінің әлемдік өркениеттермен ұштасуына бірден бір жол ашатын құрал – оның әліпбиі, таңбалануы», - дейді Құсман Шалабаев.

Оның айтуынша, латын графикасы қазіргі заман технологиясының барлығында қолданылатын жазудың түрі. Егерде қазақ сөздерін латын графикасында жаза алатын болсақ, ғаламтор желілеріне, жаңа технологияларға еркін жол ашылады.

«Бұл жазуға көшу тәуелсіздіктің алғашқы жылдары айтылғанымен оған баруға еліміздің экономикалық мүмкіндіктері болмады. Әйтсе де қазіргі күні бұл жазуға көшу заманның талабы болып отыр. Мемлекеттік ресми тұрғыдан бекітілмесе де, көптеген ғаламтор қолданушылары мен қазіргі заман адамдары, әсіресе жастар жағы баяғыдан бері латын графикасында жазып, қолданып жүр. Өйткені онсыз ғаламдық интеграцияға, әлемдік ауқымға жол жоқ екені көрініп отыр. «Заманың қалай болса, бөркіңді солай ки» демекші, тіліміздің көркін кіргізіп, құндыз бөркін кигізіп, өз заманынан қалыспау үшін қал-қадірімізше жағыдай жасау қажет. Қазіргі заманның талабы ағылшын тілін білу, сол арқылы өркениеттік жетістіктерге қол жеткізу болып отыр.

Қазақ халқы ешқашан заманының көшінен қалмаған халық. Сонау Түркі қағанатындағы руна жазуларынан бастау алған жазба мұраларымыз бүгінгі ұрпақтың таста жазылған тарихы болып отырса, Ислам өркениетімен жеткен араб жазуы да қазақ халқының рухани кемелденіп, мәдениеті мен әдебиетінің өркендеуіне көп үлесін қосты. Еуропаның өркениеті мен мәдениеті артып, көршілес Ресейдің өзі олардан көптеген дүниелерді үйреніп, еуропалық терең теңізге бас қойған кездері Данышпан Абайдың өзі «орыс тілі – Еуропаға ашылған терезе» деген болатын. Кейіннен келе Еуропаға терезе болып табылатын орыс мәдениетін үйреніп, орыс жазуы кириллицаны қабылдадық. Бұл жазуда да жамандық болған жоқ. Көптеген әдеби, мәдени, ғылыми дүниелеріміз жарыққа шықты. Ал қазіргі таңда Еуропаға терезесіз тікелей есігін ашып кіретін заман келді. Өркениет жетістіктері, әуе жолдары мен ғаламтор арқасында мемлекеттер мен елдер жақындай түсті. Латын графикасына көшу арқылы орыс тілі мен мәдениетінің қосалқы бөлшегі ғана болып келе жатқан қазақ тілі өзінің бауырлас тілдері, яғни, түбі бір түркі тілдері мен мәдениетіне жақындайтын болады. Ана тіліміздің айбары асып, бүкіл түркі тілдерінің тірегіне айналарына бек сенімдімін», - деп жалғады сөзін Құсман Шалабаев.

Ол қазақ қоғамында үлкен талқыға түсіп жатқан латын графикасына көшуге қатысты бастаманы қос қолдап қолдайтындығын баса айтып өтті. Сонымен қатар, жаңа әліпбидің бірегей стандартты нұсқасына байланысты да өзіндік пікірін білдіріп, әрбір дыбыстың дұрыс таңбаланауын ескере кетіп, жалпы халыққа ыңғайлы болатын нұсқасын таңдаған жөн екендігін айтты.

«Қазақ қоғамында үлкен талқыға түсіп жатқан латын графикасына көшуге қатысты бастаманы өз басым қолдаймын. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен тілші ғалымдар, зиялы қауым өкілдері және жалпы жұртшылық қазақ тілінің әрбір дыбысының дұрыс таңбалануы үшін талқылап жатқан әліпби нұсқаларының ішіндегі ең оңтайлы, жазуға жеңіл, оқу үшін көзге жайлы, санада сақтауға ыңғайлы нұсқасы қабылдануын қалаймын.

Қазіргі заманда әлемнің басым бөлігі латын графикасында жазады. Қытай, Жапон, Корей елдері өзіндік иероглифтерін ұлттық ерекшеліктері ретінде қолданғаны болмаса, барлығының балама түрде латын графикасында таңбалану әліпбилері бар.  Ал түбі бір түркі тілдес елдердің басым көпшілігі баяғыда-ақ латын жазуына көшіп кеткен болатын. Біздің бұған бүгінгі күні белсене кірісуіміз өте дұрыс әрі дер кезінде көтерілген мәселе болып отыр. Бұған дейін атап өткендей, тәуелсіздік алған жылдары қазақ санының аздығы әрі экономикамыздың әлсіздігі бұндай үлкен шараны іске асыруға мүмкіндік бермес еді. Оның үстіне, біздің алдымызда латын графикасына өткен басқа түркі тілдес елдердің жіберген қателіктері мен олқылықтарының орынын толтырып, адаспауға, шатаспауға зор мүмкіндік туып отыр. Сол мүмкіндіктен айырылмау біздің бүгінгі басты ұстанымымыз болуы керек.

Қазақ тілінің өсіп-өркендеуі жолында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Алматы қаласы филиалының төрағасы ретінде тәуелсіздік жылдары  қазақ тілінің дамуына өлшеусіз үлесін қосып жүрген азаматтарға І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Қазақ тілі» медалін шығарып, өз иелеріне табыс етіп келемін. Елге оралған шетелдік қандастарымыздың өнерін көпшілікке таныту жолында жыл сайын «Еліме келіп елеулі болдым» мерекелік концертін де ұйымдастырып келеміз. Осы сияқты көптеген шаралар елдігімізді арттырып, ұлттық тұстастығымызды біріктіре түсетіні айдан анық.

Латын жазуының жетістіктерін пайдалана отырып, қаймағы бұзылмаған қазақ тілінің қадірі арта берсін!» - дейді Құсман Шалабаев.

Связанные Статьи