Алматы қаласында Рахман Алшановтың қатысуымен қоғамдық кеңестің отырысы болды. Қоғамдық кеңестің отырысында латын әліпбиіне көшу мәселесі талқыға түсті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Отырыс барысында «Тұран» университетінің ректоры қазіргі таңда көтеріліп отырған латын әліпбиіне көшу мәселесі өткен күннің тарихына байланысты емес екендігін атап өтті.
«Алматы – мәдениет пен тілді дамытудың орталығы. Дәл осы қала ғылым мен шығармашылықтың ошағы болып табылады. Сол себепті де, бұл қала латын әліпбиіне көшу мәселесінде қарқынды жұмыс атқаруы тиіс, бұған көп нәрсе байланысты. Қазіргі таңда ғаламтордың 90 пайызы ағылшын тілінде. Латын әліпбиіне көшу – еліміздің болашағы үшін өте тиімді», - деді Рахман Алшанов.
Кеңес мүшелері, сарапшылар аталған тақырыпта өз пікірлерін білдірді.
Латын әліпбиіне көшуге байланысты өткен қоғамдық кеңестің отырысында саясаткер Марат Шибутов аталмыш реформаның тиімді жақтары мен белгілі факторлары жайында айтып өтті. Оның айтуынша, бұл шешім инновацияға айналмайды, алайда іс жүзінде белгіленген тілдік практиканы көрсетеді.
«Латын алфавитіне көшу мәселесі 1991 жылы тәуелсіздігімізді алғаннан кейін көтерілген болатын. Осы уақытқа дейін ол ұмытылып кетпеді, керісінше көптеген жерлерде айтылып жүрді. Бұл мәселені БАҚ өкілдері қайта-қайта көтеріп отырды. Латын әліпбиі – жаңалық емес, ол біздің өткеніміз, тарихымыз, бүгінгі таңдағы тәжірибеміз. Кез келген әлеуметтік желіде немесе қарапайым хабарлама жіберуде ешкім де кирилл қаріпіндегі қазақ тілін смартфондарына орнатып отырмайды десем артық болмас. Көпшілік халық латын әріптерімен жазады. Демек, латын әліпбиі халық арасында қолданыста бар деген сөз. Әрине, біршама келеңсіздіктер, мәселелер туындауы мүмкін. Алайда, орфоэпия мен орфографиялық заңдылықтарға сүйене отырып, дұрыс шешім қабылданады дегім келеді. Ең алдымен 100 000 сөзден тұратын сөздік шығады. Уақыт өте келе бұл қалыпты жағдайға айналып, барлық мәселелер өз шешімін табады», - дейді саясаткер Марат Шибутов.
Қоғамдық кеңес мүшесі Қазыбек Шайх жаңа әліпбиді жасауға кететін қаржының босқа далаға шашылмай, ел экономикасында қалатынын айтты.
«Соңғы айларда латын әліпбиіне қатысты көп пікір айтылып жатыр. Әсіресе, бұл бюджетке томпақ келеді деген сөз көп. Бірақ мен айтар едім, бұл аргумент сын көтермейді. Себебі, әліпбиді ауыстыруға біз доллар жұмсамаймыз, теңге жұмсаймыз. Теңгені өзіміз жасаймыз. Бұл ақшаға мыңдаған жұмыс орындары ашылады, кітаптар қайта басылып, қала аттары, карта атаулары өзгертіледі. Мұның бәрі өз отандастарымыздың игілігіне жұмыс жасайды», - деді Қазыбек Шайх.
Экономистің айтуынша, қазіргі заманның адамы ақпараттың 80 пайызын интернеттен алады.
«Сондықтан, осы уақытқа дейінгі білім қоры құрдымға кетеді деген бос сөз. Қазір мұндай кітаптардың электронды нұсқасы клавиатураның бір ғана белгісін басу арқылы дайын болады», - деді ол.