Елбасының қазақ әліпбиін латын таңбасына көшіру мәселесі кәзіргі жаһандану заманында дер кезінде айтылған өте өзекті ұйғарым. Өйткені бүкіләлемдік ақпараттық орта латын әріптерінің негізінде құрылған. Бүгінгі қазақттың қолданыс аясы тар кириллица негізінде түзілген 42 әріптен тұратын әліпбидің орнына қолданыс аясы кең, өрісі зор 26-34 латын әрпінен тұратын, баршаға мектеп жасынан таныс әліпбиге көшу тиімді екені айдан анық. Және бұл әлемдік ақпараттық ортаға ену деген сөз.
Баршамызға белгілі әлемдік әдебиет, ғылым, бүкіл ақпарат ағылшын тілінде тарайды, міне осы тіл латын таңбаларына негізделген. Сондықтан Қазақстан Республикасы Президенті Н. Назарбаев аса көрегендікпен 2007 жылы болашақта латын әліпбиіне өтуіміз қажеттігін айтқан еді. Елбасының бұл кемеңгер ойын көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар қолдаған. Мен де осы үрдісті мүмкіндігінше қолдаған едім. Бұл - бүгінгі заман талабы екенін дана уақыт көрсетіп отыр.
Қазаққа жат, қолданысқа тиімсіз кириллица 1940 жылы КСРО-ның отаршылдық саясатының негізінде мәжбүрлі түрде енгізілген.
Егерде тұрмысымызға төл ақшаны енгізу экономика саласындағы шешуші қадам ірі жеңісіміз болса төл әліпбиімізді қолданысқа енгізу тәуелсіздігімізді тайға таңба басқандай айқындап беретіні даусыз. Бұл Қазақстанды мекендейтін барлық ұлт өкілдерін мемлекет құрып отырған ұлттың тіліндегі мемлекеттік тіл төңірегінде топтастыру. Бұл сондай-ақ болашақта бауырлас елдердің ортақ әліпбиі рөлін атқара алар еді.
Бұл Қазақстанның әлемдік ақпараттық ортаға кіруіне дамыған, өркенниетті елдердің ақпараттық технологиясын ұтымды пйдалануға зор ықпал ететіні бесенеден белгілі. Сондай-ақ, латын әрпі осы заманғы әлемдік комуникациялық кеңістікте үстемдік алып тұр. Сондықтан латынша әліпбиге көшу арқылы ана тіліміздің ақпараттық мүмкіндігі өлшеушіз артады.
Латын әліпбиіне көшу мемлекеттік тілдің дамуымен де тығыз байланысты жүргізілетін іс, сондықтан латын әліпбиіне көшпес бұрын алдымен қазақ тілін толық меңгеріп алғанымыз жөн.
Мемлекеттің негізін белгілі бір діні, ділі, тілі бар мемлекет құрушы ұлт қалайды. Қазақстанда ол қазақ ұлты екені тайға таңба басқандай айқын.
Мемлекет құрушы ұлттың тілі сол елдің мемлекеттік тілінің негізін қалайтыны баршаға бесенеден белгілі даусыз ақиқат. Тілсіз адам болмайтындай, ұлттық тілсіз мемлекет жоқ. Ортақ тілсіз мемлекет біртұтас болмайды. Тәуелсіз елдің ұлттық тілі болуы қажет. Бұл еш күмәнсіз ақиқат. Қоғамды экономикалық, әлеуметтік, саяси жағынан дамыту қандай қажет болса, ұлттық тілді дамыту аса маңызды қажеттілік.
Елдің байлығына ие болып оны арттыру, ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп оның тәуелсіздігін баянды ету – өз отанын сүйетін, ұлтжанды азаматтардың ғана қолынан келетін аксиома. Ана тілінде оқып, тәрбие алған, төл тарихын, мәдениетін, тілін жетік білетін адам ғана ұлтжанды болып отанын сүйе алады. Бұл ұғымдар өзгелердің санасына жат және олар оған мүдделі емес.
Сондықтан қазақ тілінің мәртебесін мемлекеттік тіл мәртебесі деңгейіне көтеру жөнінде мемлекеттік саясат жүргізілуі қажет. Ол үшін:
-мемлекеттік тіл мәртебесі туралы мемлекеттік бағдарлама жасалынып, онда субъектілерге қатысты нақты шаралар көрсетіліп олардың орындалу мерзімі және жауапкершілігі белгіленіу керек.
Отбасында, тәрбие көрсететін мекемелердің бәрінде (балабақша, мектеп, т.б. оқу орындарында) мемлекеттік органдар мен мекемелерде, бұқаралық ақпарат құралдарында, өмірдің барлық саласында мемлекеттік тілдің басымдылыққа ие болу мүмкіндігін туғызуымыз қажет.
Ол мыналар: Бұқаралық ақпарат құралдары (әсіресе телебағдарламалар) арқылы қазақ халқының тарихын, мәдениетін, дәстүрін, тілін тұрақты насихаттау;
- мемлекеттік қызметте еңбек еткісі келетіндерге қойылатын ең басты талап қазақ тілін еркін білу (мемлекеттік тілді білу мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби біліктілігіне қойылатын талаптардың ең бастысы болуы керек);
- басшылық қызметтерге қазақ тілін жетік білетін мамандарды алу;
- мемлекеттік қызметкерлердің қазақ тілі жөніндегі білім деңгейін жылына бір рет арнайы комиссия тексеріп, оның қорытындысы бойынша қызметкерді жауапқа тарту немесе ынталандыру;
- қазақ тілін жақсы білетін, оны күнделікті жұмысында тиімді пайдалана білетін мемлекеттік қызметкерлерді ынталандыру;
- мемлекеттік тілді үйренуге ықыласы жоқ қызметкерлерді тәртіптік жауапқа тарту;
- тілдер туралы заңды жүзеге асыруға қажетті ғылыми-әдістемелік, материалдық-техникалық және кадрлық ресурстарды барынша тиімді пайдалану;
- тілді оқыту мен үйретуді озық әдістемелері мен жаңа технологияларын енгізе отырып тілді оқыту мен үйретуді барлық орында, яғни балабақшадан бастап мекемелерге дейін жаппай енгізіп, оны оқып үйренуді жалпыға бірдей міндетті қылу.
Мекемелерде қазақ тілін оқытушының еңбегін бағалау және оқушыны (қызметкерді) қадағалау үшін оқушылардың тілді меңгеру деңгейін әрбір белгіленген мерзімде анықтап бағалау үшін, оқыту бағдарламасы жасалынып онда оқушының еңбегіне баға қойып отыру керек. Оқушылардың тілді меңгеру деңгейін жылына бір рет арнайы комиссия тексеріп, комиссия қорытындысы бойынша оқушыны (қызметшіні) жауапқа тарту немесе ынталандыру қажет.
Қазақстанның болмысында қазақша сөйлеп, қазақша ойлау (әсіресе қазақтарға) аса зәру қажеттілік. Республика тұрғындарының ұлтжандылық мінезінсіз, отансүйгіштік сезімінсіз елді көркейтуді былай қойғанда тіпті тәуелсіздікті орнықтыру ешқандай мүмкін емес. Сондықтан да Елбасының қазақстандықтар мемлекеттік тілді білуге міндетті деген байламы аса көрегендік, аса кемеңгерлік. Өйткені балаға дені сау адам болу үшін ананың сүті қандай қажет болса толыққанды ұлтжанды азамат болу үшін ана тілі сондай қажет.
Әрбір адамның ұлтжандылығы оның қоршаған ортасына, қай тілде тәлім-тәрбие алып, қандай мәдениеттің түрімен сусындағанына тығыз байланысты.
Бүгінгі күні ғасырлар бойы болған отаршылдық саясаттың салдарынан қазақтар мәдениеті, тәрбиесі, тілі бойынша екіге бөлініп отыр. Қандастарымыздың көпшілігі, өкінішке орай, ұлтқа жат тәрбие көріп ана тілінен мақұрым қалған мәңгүрттер. Осы орайда, бір жолаушының: «Мақұлық құрлы жоқ – ана тілінде сөлемейтін кісіні адам деуге бола ма ?» деген сауалы еріксіз есіме түседі. Сондықтан да Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілді білуге міндетті дегені өте орынды. Өйткені қазақ тілі шын мәнінде мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі болуы тиіс. Сондай-ақ, өзін қазақпын, қазақстандықпын деп санайтын ар-ұяты, намысы бар азамат мемлекеттік тілді білуге және қазақша сөйлеуге міндетті.
Мемлекеттік тілді өмірдің барлық салаларында қолдану мен оны одан әрі дамыту бүгінгі таңда мемлекеттік саясаттың ең негізгі басымдылығы болуы керек.
Қазақ тілін үйреніңдер, сөйлеңдер деп немқұрайлы ұрандағаннан гөрі, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болып оны өмірдің барлық салаларында пайдалануды жүзеге асыру үшін нақты шараларды қолданатын уақыт жетті. Ол үшін, орыс тілін өзгелерге мәжбүрлегендей, мемлекеттік тілді жаппай білуге мәжбүрлейтін жағдайлар туғызу қажет.
Тәуелсіздігіміз баянды болсын десек, қазақ тілінің мәртебесін арттырып оны меңгеру әркімнің қажеттілігіне айналуы қажет.
Аманқажы Зейнелұлы