Таксидегі әңгіме: Мұңын шаққан қазақ ата мен оның орыс келіні...

/uploads/thumbnail/20171025155345817_small.jpg

–Тұрмыс құрғансың ба, қызым? – деп сұрады такси жүргізушісі. Құдайым-ай, осы алматылық таксишілердің өзге адамдардың өміріне араласатын әдетін суқаным сүймейтіні... Әйтеуір шашының ағын сыйлап, жауап берейін дедім.

–Жоқ, әлі тұрмыс құрмадым, бірақ жақын уақытта бір үйдің келіні атанамын!

–Бәрекелді, күйеу жігіт қазақ па?

–Әрине!

–Қандай жақсы, ері де, әйелі де қазақ. Ал менің келінім – орыс. Кәдімгі орыстың сап-сары қызы, тәрбиесі де – орыс, тілі де – орыс, құрғыр менің баламды да орыс қылды...

Бұл кісінің қылығын енді түсінгендей болдым. Мұңын кімге шағарын білмей жүргенде көлігіне мен мініп қалған екем. Не де болса, әңгімесіне араласып, мен де өз пікірімді білдіріп қалайын дедім.

–Ақыры, осылай айтатыныңыз бар, ұлыңыздың ол қызға үйленуіне неге рұқсат бердіңіз?

–Рұқсат бермеске амал қалмады. Не Оксанаға үйленемін, не үйден кетемін деп бізге қоқан-лоқы жасады. Анасы ғой сонда келісе кеткен. Ана жүрек баласынан айырылғысы келер ме?!

–Бірақ, сонда да айырылып қалған секілдісіздер...

–Солай жағдай, қарағым. Жағдайдың бұлай болғаны үшін кімге кінә артарымды да білмеймін. Баламның не ойлап жүргенін бақылай алмаған мен бе, «балам, балам» деп әр қателігіне көз жұмып отырған анасы ма, ақымақ баламның өзі ме?.. Жап-жақсы тәрбие бергендей болдық, баршылықта өмір сүрді, қазақтың салты мен дәстүрін санасына құйғандай едік. Міне, бүгін соның бірі де қалмады! Әйелінің «муженек» деген сөзіне алданып, «сюда!» десе сюда, «туда!» десе туда шапқылап жүр.

–Қазақ отбасына келін болып түскен қыз емес пе? Сіздерден ештеңе үйрене алмағаны ма?

–Қызым-ау, бізбен араласса жақсы ғой. Не өзі, не ұлымызды, не немеремізді маңайымызға жолатпайды. Анда-санда ұлым екеуі үйге келіп, жарты күн де отырмай кетуге асығып тұрады. 5 жыл бұрын қыз немереміз дүниеге келді. Апасы екеуміз есімін Айнамкөз деп қоямыз деп жүргенде, Адина болып кетіпті. Көндік, келесі баламыздың есімін өзіміз қоямыз деп келістік. Келін шырақ келесі баланы дүниеге әкелетін түрі жоқ. Әлі жас екен-мыс, 2 баламен ештеңеге уақыт таппай қалады, үлгермейді, «кейін-кейін» деп әлі жүр. Оған да көндік... Кей кездері немеремді иіскеп, мауқымымызды басайық деп апасы екеуміз бармақшы боламыз. Ұлым күні бойы жұмыста, келініме хабарласамыз. Ол біздің ойымызды бірден түсініп қояды, «Я собираюсь принять ванну» дейді. Сонымен уақыт өтіп жатыр, ұлым да жоқ, келінім де жоқ, немерем де жоқ...

Такси жүргізушісінің әңгімесін тыңдап отырғанымда мен түсу керек аялдамаға да жеттік. «Ата, бәрі жақсы болады, күдеріңізді үзбеңіз!» дедім де шығып кеттім.

Әй, осы шынымен бәрі жақсы бола ма екен?! Ойға баттым...  

Өзім қазақтың қарапайым қызымын, қазақ құндылығы, қазақ салты, қазақ дәстүрін қашан да алға тартып жүруге тырысамын. Сондай-ақ тек қана қазақтың жігітіне тұрмысқа шығамын! Бұл менің шешімім, шешімім ғана емес, солай болуы міндетті деп есептеймін.

Ал өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шыққан қазақ қыздарына деген көзқарасым қандай болатынын ойланып көрмеппін... Мұндай шешім қабылдаған қазақ қыздарын жек көріп кетпеспін, бірақ қолдау танытпайтыным анық. Бір қазақтың қызы шетелдік азаматқа тұрмысқа шықты деген сөз қазақтың ұрпағы жойылды дегенмен тең. Ол ұрпақ қазақ қанынан таралмаса, қазақ қабырғасынан жаралмаса, қазақ үшін қолын да қимылдатпайды. Қазақ құндылығын дамытуға атсалыспайды.

Ал жақсы, қазақ қызы өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шыққанына қарсы болдым делік. Ал қазақ жігіті өзге ұлт өкілінен қыз алса ше? Мұндай жағдайға көзқарасым теріс болғанымен, бәрібір қазақтың ұрпағы тәрбиеленеді деп жүрген едім. Мына диалогтан соң ойым түбегейлі өзгергендей.

Білмеймін, қазақтың гені әлсіз бе, әлде бұл жеке адамның өзіне байланысты ма?.. Бірі қазақ, бірі өзге ұлт өкілінен болған отбасынан туған бала түбі қазақ бола қоймас деген ойға келдім. Тіпті, нағыз қазақ отбасы бола тұра қазақылықтың иісі де шықпайтын қаншама отбасының барына мен ғана емес, сіздер де куәсіздер. Көпке топырақ шашудан аулақпын, алайда бұл да – бір шындық.

P/S: Өзгенің отбасына, өміріне араласу – маған да, сіздерге де тән қылық емес. Тек қазақтың болашағы өзіміздің қолымызда екенін түсінсек екен... Отан отбасынан басталады! Ендеше, отбасының дұрыс құрылуына аса мән берген жөн. Қазақтың ержүректі ерлеріне қазақтың қарагөздері ғана лайық.

Гүлім ЖАҚАН

Оставить комментарий

Связанные Статьи