Беташардың басты мақсаты мен қызығы неде?
Біріншіден, жас келінге тәлім-тәрбие беру, өлеңмен өнеге дарытып, ғибрат беру; Екіншіден, қадам басқан қайын жұрттың жақын-жанашыр, туған-туыстарын таныстыру, ат тергеуге дайындық; Үшіншіден, келін алған ауылдың жақсылығын асырып, мәртебесін көтеріп, тұлғаларын түгендеп, тектілік қасиетін дәріптеу. Жекелеген жезде, жиендерге ерекше әзіл арнау арқылы келіннің есінде ұмтылмастай қалуға жол ашу. Тағысын тағы...
Бала кезімнен беташардан осы ерекшеліктерді көріп, дәстүрдің қасиетін сезініп, әрқашан беташарға баруға асық болып өстім. Өзім де дені әзілден тұратын беташар жазып, бет аштым. Әлі күнге кейбір әзіл өлеңдерді кезіккенде келіндер мен көріп естігендер қызық етіп айтып жүруші еді.
Ал қазір қалай? Әуелі той иесі (апамша айтсам, алтын басты адам алатын жақ) және асаба арасында беташарға байланысты саудаласу басталады. Оны ұят санаудан қалғалы қашан? Сосын кейбір отбасылар қазақта жоқ салтпен екі рет бет аштырады (Бірін үйде, бірін мейрамханада). Онысын жоқ сылтаумен түсіндіргісі келеді. Біз өскен ауылда екі рет бет ашпақ түгілі екі бас киімді бірінің үстіне бірін кигізбейтін жаман ырымға балап. «Бір тойда екі жар жоқ» деп тияды. Ал көптеген қандастарымыз тек мейрамханада ашады. Оның аты – көпшілікке қызық сыйлау болғанымен, арғы жағы, асабаға берер ақшаны үнемдеуге бағытталған бақай қулық, дүние қоңыздық. Ойлаңызышы, сіздің келін әлдебіреудің тойхана, кафе, мейрамханасына келін боп түсе ме? Әлде сіздің шаңыраққа ма?
Беташарды кім және қалай жасайды? Жаттанды өлеңмен болса да, бет аштырып құтылсаңыз болды деп санайсыз ба?
Әсіресе бірнеше жүз адамның атын жазып, бірін қалдырмай атауға мәжбүрлейтін той иелерінің көкейін тескен ақша емей немене? Әйтпесе, қазақы салтта келін тек өзінен үлкен және күйеуіне ең жақын туыстарға ғана сәлем салған. Ал беташарда күйеуінің достары, іні-қарындастары, ұжымы, тіпті бесіктен белі шықпаған сәбиге де еңкейтеді. Сәлем салдырудың құнын осылай төмендеткендіктен келіндеріміздің дәстүрден жеруі пайда болған жоқ па?
Дұрысы – жақын жамағайынға, ең сыйлы үлкендерге сәлем салдыру. Қаптаған қалың нөпірдің атын атап көпіргенше, әулеттегілердің жақсы қасиетін жырлап, шынайы әзілге көбірек көңіл бөлінсе, төл өнердің өміршеңдігі артып, негізгі мақсаты орындалар еді. Жүздеген адамды атап, одан түскен ақшаға құнығу – тамақ құрғатып, қарын ашырып қана қоймай қадірді қашырып, қасиетті дәстүрдің мән-маңызын жояды.
Өз басым, жоғардағыдай беташарға тап болсам, тұра қашқым келеді. Сөйтем де, ауылда, қасиетті қара шаңырақта, ақ босағада аңқылдаған ағайынның арасында өтетін шынайы беташарды жиі сағынам...
Жарқын Сәленұлы, Фейсбук парақшасынан алынды