Әумесер патша мен христиан әулиелерін қашанғы әспеттейміз?

/uploads/thumbnail/20180223171850008_small.jpg

Жер-су аттарын қазақшалау керек дегенде Петропавл мен Павлодарды айтпай кете алмаймыз. Қазақтың бір бүйіріне шаншудай қадалып жүрген мәселе бұл. Qamshy.kz ақпарат агенттігі аталмыш тақырыпты тағы да жаңғыртып, биліктің қаперіне салып қойғанды жөн көрді.

Осы уақытқа дейін Петропавлға – Қызылжар, ал Павлодарға – Кереку немесе Баянауыл атауларын беру мәселесі талай көтерілді. Бұдан да басқа нұсқалар бар. Мәселен, тіл күрескері Руза Бейсенбайтегі Павлодарға қазақтың қайсар ұлы Жұмабек Тәшеновтің есімін беруді ұсынды. Қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы Павлодарды «Қимақ» деп атауды жөн санайды. Себебі Қимақ қағанаты осы өңірді жайлаған.

Тарихшы Манаш Қозыбаев өзінің «Ақтаңдақтар ақиқаты» мақаласында Павлодар өңірін жергілікті қазақтардың «Қызылшырпы» деп атағанын жазады.

2014 жылы порталымыз Қазақ хандығының 550 жылдығына орай екі қаланың атауын Керей мен Жәнібек деп өзгерту керек деген бастама көтерген.

Жер кімдікі болса, қала сонікі

Алдымен Петропавл мен Павлодар қалалары қазақ даласында бой көтермей тұрып бұл аймақты кімдер мекендегеніне көз жүгіртіп өтейік.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбековтің айтуынша, бұл далада есте жоқ ескі заманнан бері түркілер көшіп-қонып жүрген.

Тарихқа бұл аймақ «Құлынды дала» деген атпен енген екен. Құлынды далада қыпшақтар үстемдік етті және ол «Қыпшақ даласы» деп аталды. Ал қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі қыпшақ тобына жататыны әлдеқашан дәлелденген.

Егемендігімізді алып, дербес мемлекет болсақ та, Ресейге тән тарихи атаулардан арылу былай тұрсын, әлі күнге дейін өз құндылығымыздай көріп отырғанымыз өкінішті. Қос қаланың атауын қазақшалауға кім қарсы және неге қарсы? Бұл сауалдың жауабы беймәлім.

Кереку ме, Коряков па?

«Кереку» деген сөзден қандай да бір мағына табу қиын секілді көрінеді. Қайдан шыққан сөз деп ойлауыңыз бек мүмкін.

Алдымен көне түркі тіліне үңіліп көрелік. 1969 жылы Ленинградта жарық көрген, ССРО ғылым академиясының Тіл білімі институты дайындаған «Ежелгі түркі сөздігінде» («Древнетюркский словарь») керекудің мағынасын «шатер, юрта» деп берген. Бұл түсінігімізді Махмұд Қашқаридің «Сөздігі» (Диуани лұғат ат-түрік) кеңейте түседі. Ғалымның жазуынша, көне түркілерде «керекулен» деген етістік сөз бар, ол «өзіне киіз үй жасап алды», «шатыр тікті» деген мағынаны білдіреді. Мысалы, «ер керекуленді» - «ер шатыр тікті».

Ал Талас Омарбеков Павлодардың Кереку аталуына қарсы. Себебі ол «Кереку» дегеннің астарында Ресейге қатысты түсінік барын айтады.

Омарбековтің сөзінше, Ертіс бойына көшіп келген орыс шаруалары бұл өңірде тұз кәсіпшілігімен айналысқан. Өйткені мұнда тұзды көлдер көп кездеседі. Осындай бір көлдің маңынан Коряков деген орыс казагы тұз өндіретін кен орнын ашады. Коряков дегенді қазақ тіліне икемдеп алған жергілікті қазақтар оны Кереку деп атап кеткен.

1720 жылы Сібір казактары салған Коряков бекінісі бар. 1838 жылы қазіргі Павлодар қаласы тұрған орынға Коряков станицасы салынады.

Алайда станицаның елге белгісіз Коряков дегеннің есімімен аталуы орыс шенеуніктерін қанағаттандыра қойған жоқ. ІІІ Петр пен ІІ Екатеринаның ұлы І Павелдің құрметіне ол жерді «Павел форпосты» деп атады. «Павлодар» деген атау содан шыққан.

Әңгүдік патшаны әлі күнге әспенсітіп отырмыз

Ал қазақтың қаласына атын беретіндей Ресей императоры І Павел кім еді? Бұл сұраққа жауап берген Талас Омарбеков орыс тарихшыларының әлгі патшаға берген мынадай сипаттамасын оқып берді: «Мелкая придирчивость Павела І, усугублявшаяся его психической неуравновешенностью, самодурство, рост централизации и бюрократизации гос. аппарата вызвали недоволство даже среди дворян.В среде гвардейских офицеров созрел заговор против Павела І. В ночь с 11 на 12 марта 1801 в Михайловском замке заговорщики убили Павла І».

Ал енді ойлап қараңыз, өзге түгіл өз елінде абыройынан айырылып, қадірі қашқан патшаның аты Қазақстанның ірі қаласында әлі сақталып тұр. Мұның қажеті қанша? Әдеттегідей сұрағымыз биліктің назарына жолданады.

Қызылжар – тарихи атау

Президентіміз сонау 2008 жылы 29 мамырда қазақтілді басылымдардың редакторларына берген сұхбатында бүй деген еді: «Қазақта «Жеріңнің аты – еліңнің хаты» деген сөз бар. Халық жерге ат қою арқылы елінің тарихын жазып отырған. Тәуелсіз мемлекеттің бір белгісі – оның ұлттық нышандары десек, сол ұлттық нышандар елді мекендердің, көшелердің, алаңдардың да аттарынан көрініп тұруға тиіс. Еліміздің зиялы қауымы біраздан бері «Петропавл мен Павлодар секілді қалалардың атауларын да өзгертсек» деген ұсыныстар айтып жүр. Ленинград, Сталинград, Ульяновск секілді қалалар, басқа да жер аттары өзгеріп жатқанда, бұл да – орынды ұсыныс».

Мұны Елбасымыз 2008 жылы айтса, 2009 жылдың 27 ақпанында Петропавлға барған сапарында ең әуелгі сөзін «Құрметті қызылжарлықтар!» деп бастады.

Жалпы Петропавлдың тарихи аты Қызылжар екенін дәлелдейтін фактілер жеткілікті. 1925 жылы қала ресми түрде Қызылжар деп аталған. Содан бастап Үкімет орындары жолдаған хаттарда бұрынғы «Петропавл» атауы тоқтатылып, «Қызылжар» деп жазылатын болған. «Правда» газеті Петропавлдың Қызылжар болып өзгергені туралы хабар жариялаған. 1925 жылғы шілденің 18-інде Ақмола губерниялық атқару комитеті (ол кезде Қызылжар – осы губернияның орталығы) төралқасының Петропавлды ресми түрде Қызылжар деп атау туралы қаулы қабылдаған. Сол қаулы негізінде Петропавлдың атауын Қызылжарға өзгертсе, заңнан аттап өтпес едік. Шынында да, 1925 жылғы қазақ жерінде қабылданған қаулыны ешкім бұзған жоқ. Демек, оның заңды күші сақталған деуге негіз бар.

Тарихшы Талас Омарбековтың айтуынша, бұл аймақ сол тұста өзенге төніп тұрған қызыл жардың атымен Қызылжар аталған.

Бұл деректі жергілікті өлкетанушы Ж. Самрат та қуаттап: «Қызылжар атауын қайтару – тарихи әділдік», - деп талай айтты.

Петропавл атауы қайдан шыққан?

Тарихшылар бұл аймақтың «Әулие Петр» және «Әулие Павел» атты кемелердің атауларына сәйкес Петропавл аталғанын айтады. Ал бұл кемелер 1740 жылы Беринг пен Чириков бастаған экспедицияға тиесілі.

– 1740 жылы Беринг пен Чириков бастаған  экспедиция қар басқан Камчаткаға жетті. Олар осында жаңа әскери бекініс салды. Ол бекіністер олардың өздері мініп барған «Святой Петр» және «Святой Павел» атты кемелерінің атауларына сәйкес Петропавл аталды, – дейді Талас Омарбеков.

Петр әулие мен Павел әулие кім?

Шіркеу аңыздары бойынша Петр Римнің алғашқы епископы болған және Неронның тұсында христиандарды қудалау кезінде өлім жазасына кесілген.

Ал Павел ерте христиандық дәстүрде апостолдардың бірі ретінде көрсетіліп келді.  О бастағы есімі – Савл. Павел алғаш христиандарды қудалаушы ретінде де танымал. Кейіннен шоқынып, өзінің есімін Савлдан Павелге өзгертіп, христиан ілімін қолдауға көшті.

Қаланың дайын тарихи атауы тұрғанда, христиан әулиелерін әспеттеп отыра береміз бе? Әрі-беріден соң «Святой Петр» және «Святой Павел» кемелерінің Камчаткаға жетуіне қазақтың не қатысы бар?

Павлодар мен Петропавлдың атауын өзгертейік деп бір кездері бас көтерген халық бұл күнде үмітін үзгендей саябырсыған. Әрине, мұндайда биліктің құлағы тыныш. Алайда тәуелсіз елде өмір сүретін тәуелсіз ұрпақ үндемей отыра алмайды. Арнайы мемлекеттік органдар құлдық психология құрсауынан арылып, тәуелсіздік ел мүддесіне сай әрекеттерге барып, біз көтерген мәселені қозғамаса, бұл тақырыпқа айналып соға бермекпіз.

Оставить комментарий

Связанные Статьи