Цифрлық білім салтанат құрмақ

/uploads/thumbnail/20180216135815417_small.jpg

Елбасы Жолдауда цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты Интернетке қосу және мектептерді видеоқұрылғылармен жабдықтау жұмыстарын жалғастырудың маңыздылығын   нықтап айтқан еді. Цифрлық білім беру жүйесін дамыту мақсатында    БҚО-да бірқатар шаралар қолға алынуда.    Айта кетсек, Батыс Қазақстан облысында биыл 220 шағын жинақты мектепке «Білім book» электронды жүйесі жеткізілмек. Бұл туралы «Цифрландыру: баршаға қолжетімді сапалы білім» тақырыбымен өткен «БатысБілімТаlks» лекторий жобасының І сессиясында Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов айтты.

          Өңір басшысының айтуынша, облыстағы 444 елді мекеннің 152-сі интернетке қосылмаған. Оған қоса мектептер, медпункттер мен басқа әлеуметтік нысандар бар. Соның бәрін интернетке қосу жоспарға енгізілген. Осы орайда «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевпен жол картасына қол қойылды. Бұл ретте денсаулық сақтау, білім беру мекемелерін цифрландыруға барынша мән беріледі. Әсіресе, шалғай ауылдардағы шағын мектептер айрықша назар аударуды қажет етеді. Қазіргідей жаппай даму кезеңінде ол білім ошақтары қала мектептерінен кем болмауы керек. Сондықтан 220 шағын мектепке «Білім book» электронды жүйесін енгізуге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. 1 қыркүйекте ол мектептер жаңа компьютерлермен, бағдарламасымен қамтылады.

-«Білім book» жобасы шағын мектептерге ыңғайлы. Онда компьютер жадына қажетті білім ресурсы салынған. Интернеттің қажеті жоқ. Бір сыныпта 15 баладан білім алатын болса, мұғалім олардың әрқайсысына әр түрлі электрондық тапсырма бере алады. Бала сабақты игермейінше, бағдарламамен алға жылжи алмайды. Мұны біз еліміздің үш шағын мектебінде тәжірибеден өткізіп көрдік. Нәтижесі ойдағыдай. Биыл Батыс Қазақстандағы шағын мектептерде осы жұмыс қолға алынады. Басты мақсат - алыс ауылдардағы мектептерде білім сапасын көтеру, - деді Р.Кенжеханұлы.

Аудан орталықтарындағы мектептерде шәкірттер электронды бағдарламаларды, жаңа технологияларды толық қолданатын болады. Алтай Көлгіновтің сөзіне қарағанда, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірігіп жасалған жоспарға сәйкес таяудағы үш жылда интернет мәселесін шешу көзделуде.  Атап айтқанда, 100 елді мекен кең жолақты интернетке қосылып, цифрландыру жұмыстарына жол ашылады. Бұл оқушылар мен мұғалімдердің цифрлық жүйеде білім алып, жұмыс жасауына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, «Қауіпсіз аула» жобасы аясында «Қазақтелеком» АҚ-мен бірге Оралда 2 мың бейнекамера орнатылады. Бұл 200 көп қабатты үйді немесе 1 мың кіреберісті қамтиды.

Жиында «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев алдағы екі жылда Батыс Қазақстан облысының бес аудан орталығын оптикалық-талшықты байланыс желісіне қосу жоспарланып отырғанын жеткізді. «BilimmediaGroup» ЖШС-ның директоры Рауан Кенжеханұлы, «Knowledge Egineering» ЖШС-ның директоры Нартай Әшім «Білім берудегі заманауи трендтер» және «Мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға арналған сандық ресурстар» тақырыптарында өз ой-тәжірибелерімен бөлісті.

Оставить комментарий

Связанные Статьи