Тараз қаласында тал-дарақтарға тексеру жұмыстары жүргізілді

/uploads/thumbnail/20180429123852035_small.jpg

Тараз қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі және «Республикалық фитосанитарлық диагностика және әдістемелік болжамдау орталығының» облыстық филиалының мамандары қаладағы тал-дарақтарға тексеру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде, тал-дарақтарда бірнеше зиянкестер түрінің қоныстануы анықталды. Атап айтқанда, қарағаш жапырақ жемірі қоңыздары, қарағаш аяққұйрық көбелегінің қуыршақтары, сымқұрт, жалған сымқұрттар және терек жапырақ жегіші қоңыздары. Бүгінгі күнге қала аумағы бойынша жалпы 60 га жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілу қажеттігі анықталып отыр. Бірінші кезекте қаладағы орталық көшелермен парк скверлер қамтылады. Бұл жұмыстарға қала бюджетінен 6,0 млн. теңге қарастырылған. Электронды конкурс ойнатылып, қаладағы тал-дарақтарына химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі.

 Өңдеу жұмыстары екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі – қарағаш жапырақ жемірі зиянкесінің балаңқұрттары туылып шығуы кезінде, яғни, мамыр айында жүргізілсе, өңдеу жұмыстарының екінші кезеңі – балаңқұрттардың 2-ші ұрпағының шығуына байланысты шілде айының 1-ші онкүндігінде. Қазіргі уақытта қала тұрғындарын алаңдатып отырған қарағаш жапырақ жемірі зиянкесіне келер болсақ, қыстап шыққан қоңызы тал-дарақтарының жапырақтарына аса зиян келтірмейді, шағылысып, жұмыртқалап, сол жұмыртқадан шыққан балаңқұрттары жапыраққа зиян келтіретін зиянкес ретінде белгілі. Сондықтан, балаңқұрттардың туылуына байланысты химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі.

Қарағаш жапырақ жемірі зиянкесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары Қазақстан Республикасында рұқсат етілген тиімділігі өте жоғары (85-92 пайыз) Каратэ-050 препаратымен ОПВ- 12ОО бүріккіш (дәрілегіш) техника арқылы жүргізіледі.

Химиялық өңдеу жұмыстары таңғы сағат 3.30-7.00 аралығында, яғни көшеде жаяу жүргіншілердің және автокөліктердің аз жүруі кезінде іске асырылады.

 

Тараз қаласы әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы А.Тлеубаев

Связанные Статьи