Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған «Қазақия 2015» блог-байқауына іріктеу кезеңі басталды. Ұйымдастырушылар осы жоба арқылы Қазақстанды жаңа қырынан танытып, қазақ тілді интернет кеңістікті мемлекеттік тілдегі сапалы жолжазба контентпен толықтыруды көздеп отыр.
Байқау 26 наурыз бен 24 сәуір аралығында өтеді. Негізгі 14 күндік сапар – 10 сәуір мен 24 сәуір аралығына жоспарланған.
Үміткерлер алғашқы кезеңде «Көктемгі позитив», «Өзіңнен баста!», «Менің жерім», «Ата-анама құрмет», «Отбасым – Отаным» сияқты тақырыптарда екі постыдан (жазба, фото, бейне) ұсынып, алғашқы кезеңнен өтуге тиіс. Келесі кезеңге іріктелген азаматтар алдағы уақытта жарияланатын сапар маршруты бойынша өз жоспарларын ұсынып, байқаудың екінші кезеңінен өтеді.
Негізгі кезеңге іріктелген 10 блогер Қазақстанның сегіз облысы мен қаласын, 12 стансаны темір жол бойымен басып өтпек. Үздік жолжазбалар миилион теңгелік жүлде қоры үшін бақ сынайды.
Байқау шарттары мен жаңалықтарын жобаның әлеуметтік желідегі ресми парақшаларынан табуға болады.
Жобаға Altel 4 G GSM компаниясы демеушілік етуде.