Маңғыстау облысынан катакомбалық қабір табылды

/uploads/thumbnail/20181105104419132_small.jpg

Қабір шамамен б.з. I-V ғасырларынан қалған болуы мүмкін. Бұл туралы Маңғыстау тарихи-мәдени қорығының археология жəне архитектура бөлімінің жетекшісі Б. Төлегенұлы фейсбук парақшасында жазды.

Маңғыстау ауданы Жыңғылды ауылы маңында траншея қазу кезінде құрылысшылар кездейсоқ адам қаңқаларын кездестірген. Дәл сол аумақтағы құрылыс уақытша тоқтатылып, алғашқы апаттық-құтқару жұмыстары жүргізіледі. Алғашқы апаттық-құтқару жұмыстарына өлкеге белгілі археолог Андрей Астафьев те қатысқан.

— Сүйектерді алып, орнын тазалап, алғашқы ақпаратты алдық. Қазіргі анықталған жағдай бойынша бұл – катакомбалық қабір. Ішінен 6 адамның сүйегі табылды, уақыты жобамен б.з. алғашқы кезеңдері деп ойлаймыз. Уақытты табу үшін артефакт қажет. Сүйектермен бірге пышақ, моншақ және ұршық шықты. Бірақ бұл екі-үш нәрсемен қорытынды жасай алмаймыз. Адамдардың басының шығысқа қарап жатуын, бірнеше адамды бірге жерлеуін ескере отырып, б.з. 1-5 ғасырлары болуы мүмкін деп әзірше айта аламыз, — дейді Бекболат Төлегенұлы.

— Біз құзырлы орган ретінде, алдымен, мамандарымызды жіберіп, анықтадық. Ол зерттеуді қажет ететін нәрсе. Біз қазір сүйек қана тауып отырмыз. Зерттеудің қорытындысы шыққан соң ҚР Мәдениет және Спорт министрлігіне осындай жаңалық табылғанын хабарлайтын боламыз. Ғалымдар қарап, тарихи құндылығы анықталса, міндетті түрде зерттеледі, — дейді Мәдениет басқармасының басшысы Пания Сармурзина.

Өлкетанушының айтуынша, мұндай қабірлер бұған дейін Сырлытам, Шағатай, Құмыра жерлерінен де табылған.

— Катакомбаны табу қиын, арнайы іздесең де таппайсың. Осы секілді аяқасты кез болып қалады. Бұрын табылған катакомбалар бір бөлмелі болса, бұл жерде бірден 8 бөлме шығып тұр. Бұл – үлкен олжа, мұның ерекшелігі сонда. Олжаны қазбай тастап кету, шыны керек, тарих үшін, ғылым үшін қиянат деп ойлаймын, — дейді Бекболат Төлегенұлы.

Алғашқы жұмыстар кезінде мамандар сүйектерді алып, орындарды көміп, алаңшаны қоршауға алған. Енді оны әрі қарай толыққанды ғылыми тұрғыда зерттеу жұмыстарын жүргізуді күтуде.

Аумаққа зерттеу жүргізу мәселесі қараша айының алғашқы 10 күндігінде шешілмек.

Оставить комментарий

Связанные Статьи