Жастар мәселесі – қазіргі таңда бүкіл әлемді толғандырып отырған сұрақ екендігінен бастау керек шығар. Бүгінде әлемде 1,8 миллиардан астам адам 15-29 жас аралығындағы жастар санатына жатады. Яғни, жер шарының әрбір төртінші тұрғыны жастар қатарына кіреді деген сөз. Олардың көбісі дамушы елдердің үлесіне келеді. Жастар үлесінің мұншалықты көп болуы бұрын соңды болмаған жағдай.
Қалыптасқан жағдай жастар әлеуетін пайдаланып экономикалық дамуға үлкен жол ашады. Алайда, мұның екінші жағы да бар екендігін ескеру қажет: соншама көп жастардың әлеуметтік талаптарын қанағаттандыру, білім беру, жұмыспен қамтамасыз ету секілді мәселелерді шешу қайбір елге болмасын оңайға түспесі рас. Сол себепті, жастар мәселесі қазіргі таңда әлемдік деңгейде өзекті болып табылады.
Осы орайда, бұл Қазақстанды да айналып өтпейтінін айту керек. Бүгінде, қазақстандық жастардың саны 4 млн-ға жақындап келеді, ал 2025 жылға қарай 5 млн-нан асады деген болжам бар.
Бұған дейінгі кезеңдерге қарағанда, қазіргі таңдағы жастардың екі негізгі өзгешеліктерін айтып кетуге болады. Біріншіден, бүгінгі жастар - толықтай тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан жастар. Екіншіден, олардың басым бөлігі - интернет заманында қалыптасқан жастар. Осылайша, қазіргі жастардың өмірге деген, тарихқа деген, саяси және экономикалық үрдістерге деген көзқарастары, талаптары анағұрлым өзгеше. Мемлекет үшін осының барлығын ескеріп, туындаған мәселелерді шеше білу, жастардың саяси, рухани, әлеуметтік талаптарын қанағаттандыру өте маңызды екендігін айтқым келеді.
2019 жылды жастар жылы деп белгілеу осы бағыттағы қадамдарды тағы да бір нақтылап, тиімді жүзеге асыруға бағытталса керек. Өздеріңіз көріп отырғандай, үстіміздегі жылы жастарды толғандыратын барлық бағыттар бойынша жұмысты күшейту жоспарланып отыр – білім беру саласы, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтамасыз ету, баспанамен қамтамасыз ету, жастардың сыртқы елдерге ағылуын тоқтату және басқалары да.
Енді ең бастысы – аталған бағыттардағы іс-шаралардың қаншалықты тиімді жүзеге асырылатынын қадағалау қажет. Тек алға қойылған қадамдар сапалы жасалған жағдайда ғана жастарды толғандыратын мәселелердің оңтайлы шешілуіне қол жеткізуге болады.
Жәнібек Арынов
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы
Оставить комментарий