Еркек ұстаздар қайда кетті?

/uploads/thumbnail/20190129141214002_small.jpg

Сіз де, біз де мектепте оқып шәкірт болғанбыз, тұтас өмір тәлім-тәрбиеден тұрады. Арнайы мектепті көз алдымызға келтірер болсақ, мектеп деген оқытушы мен оқушыдан құралады. Мектептегі барлық шаруа, директордан еден сыпырушыға дейін, қақпасынан төріне дейін жаңағы екі жақтың қажетін қамтамасыз етуге арналады. Мемлекеттің ертеңгі келбеті, қоғамның сыр-сипаты осы мектепте егіліп, мектепте бапталады. Мемлекет кен қазуға көңіл бөледі, қыруар ақша жұмсап алып зауыттар салып, мыңдаған адамдарды жұмысқа шегеді. Жер қойнынан мұнай-газ өндіріп, миллиардтаған ақшаны салып, ел экономикасына үлес қосады. Сол жұмыстардың бәрі ойдағыдай мүлтіксіз орындалу үшін бала кезінде мықты білім алған денсаулығы жақсы, өнері үстем өрендердің жетілуі маңызды. Отанды қорғайтын қуатты армия қажет. Бұлай алыстан орағытып айтып отыруымның себебі, мұғалім мен оқушы арақатынасын реттестіріп отыру өте маңызды. Мұғалімнің тәжірибесі, әдіс-амалы, игерген білімі жоғары болуы өз алдына табиғи заңдылық. 

Әу баста мектептегі оқушыларды ұлдарды бір бөлек, қыздарды бір бөлек етіп оқытқан. Кейін батыстық үлгі ол қағиданы ескілік санап оқыту жүйесінен сырғытып жаңа «мәдениет» ұл-қызды қосып оқытуды жолға қойды. Ол жүйе арамызға сүзіп кіріп қолданысқа енгелі де ғасырға жуық уақыт болғандықтан бүгінгі ұрпаққа өткенді айтсаң, ертекгі сияқты сезілері қақ. Оны да қоя тұрайын, ішкерілеп сөз етер болсам, сабақтық мұғалімдердің көбінің әйел затына ауып кеткендігі мені алаңдатады. Әйелдер нәзік жанды келеді, жұмыста, мінезде, бәрібір еркектердің алдында дәрменсіз. Бүгінгі оқушылар басында айтқанымыздай ұл-қыз болып аралас отырады, тәрбиеші болса тек қана -әйелдер. Сонда деймін-ау, отбасында ана тәрбиесінің көлеңкесінде (әке балаға қарауды қойған) есейген жасөспірім мектепке барады да, тағы да әйелдің тәрбиесіне тап болады. Ұл бала 17-18-ге келгенше, тұтастай әйелдің сөзін естиді, әйелдің тәрбиесін алады, әйелдің мінезін көреді. Бала қалыптасу кезеңінде әйелден басқа өнеге алатын ешкім оның жолынан кездеспейді, қайда барса «ұстазы» әйел болудың нәтижесі неге соқтыратынын білесіз бе? Оның психологиясында сөзсіз өзгеріс болатыны анық. Байқалмай жүріп баланың сөзі, тұтыну бұйымдары, мінезі бұзылып бұрмаланады. Яғни, әйелдік қасиеттер ұл баланың өнбойына қылаулап қона бастайды да, ол бірте-бірте қанға өтіп өмірлік көзқарастарын, ерік-жігерін, жігіттік мәрттігін төмендетіп, бара-бара «қызтекеге» айналдыруы да ғажап емес. Қазақ «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деп баяғыда айтып қойған. Жігіттеріміз жер табандап, сөздері шіңкілдеп, ыңыршақтың астында іргеде өскен шөп секілді сарғайып жасып тұрады. Олар ертең отанын қорғайтын батыр болар ма? От пен суды кешетін, қиындықты шешетін өжет болар ма?

Мен осы ойымды жиырма жылдан бергі кездесулерімде, жазған мақалаларымда үздіксіз қайталаудан жалыққан емеспін. Күдігім күшті, қаупім басым, «неге?» десеңіз, осы елге келгелі 25 жылдан бері балаларымызды оқытып жүріп көретініміз әйелдер, сөйлесетініміз ханымдар. Мектептегі ұстаздардың дені - әйелдер қауымы. Себебі, мұғалімдердің жалақысы төмен, еркектер байланып отырғысы келмейді. Мұғалім болу қоғамда төмен сортты жұмыстардың бірі болғандықтан ешкім сегіз сағат көгенкөздердің алдында қалқиып тұруды қаламайды. Ерлер бұл жұмысқа қызықпаса, ұстаз болуды ар санаса, не шара? Оқу-ағарту саласы ерлерге сұраныс тастамаса,  әйел мұғалім болмай, кім мұғалім болады? Оқытушылар қосынының салыстырмасына қарап реттегісі келген ешкім жоқ. Болашағымызды тәрбиелеуге ерлер құлықсыз. Сондықтан да еркектік мінезге жат «талпа» болып төбелесетін бейшаралық белең беруде. Тұтас жүйе басынан бұзылғаны анық. Педагогикалық жоғары оқу орындары бітірген түлектерінің қайда баратынына мүлде қарамайды, мемлекеттік оқу жүйесі де қыруар ақша төгіп тәрбиелеген мамандарының орнын табуына бас қатырмайды. Содан соң қалыпсыздық пен теңсіздік бой көрсетеді. Еркекті еркекше, әйелді әйелше тәрбиелегісі келіп отырған ешкім жоқ. Соның салдарынан жігіттеріміз армиядан қашады, барғандары бірінші соққыға шыдай алмай шұрқан шығады, тығырыққа тіреліп, әлде бір сұмдықтарға ұрынады. Қоғамда анау бір «әншілердің» тобындай қызтекелер қызыл ала болып боянып сахнадан бой көрсетеді. Сіз бен біз куә болып жүрген шындық осылай жалғаса береді. Мұғалімнің сапасына мән бермеушілік, еркек болуын қадағаламайтын немкеттілік ұлттың болашағына балта шабумен бірдей деп санаймын. 

Осы әлсіздікті дәл басқан КТЛ (қазіргі БИЛ) оқыту жүйесі Қазақстанда мектеп ашып, ұл балалар лицейі, қыз балалар лицейі бағытын жеке-жеке қолға алды. Олардың тәрбие бағыты, білім беру формасы, қимыл-әрекеті мүлде басқаша болып шығыстық  пен батыстық технологияның озық үлгілері жымдаса бірікті. Қазақстанда 3000 - нан аса ұлттық мектеп бар екен де, соның 28-і  КТЛ (БИЛ). Ал, шәкірттердің мемлекет іші-сыртындағы білім олимпиадасында алған жүлделерінің 50-60 пайызы үш мың мектептің үлесінде, 40-50 пайызы 28 лицейдің үлесінде екен. Демек, олардың оқыту жүйесі, тәлім-тәрбие тәсілі, рухани өзегі басқаша екенін осы көрсеткіштен-ақ анық көреміз. Олардың қыздарын әйелдер, ұлдарын еркектер оқытады. Сырлары өзінше, білім алу қырлары да бөлек. 

Дәулетбек Байтұрсынұлы

Связанные Статьи