МӘМС: Көп балалы аналар мен қоғамның әлсіз тобына барынша қолдау көрсетіледі
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы біз соңғы екі жылға жуық хабардар болып отырмыз. Халықтың денсаулығын сақтау және нығайту үшін жасалынып жатқан бұл жүйенің тиімділігін біз әлі де көретін боламыз. Өйткені еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында «Биылғы 1 шілдеден мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) енгізіле бастайды. Бұл жүйенің тиімділігі әлемдік тәжірибе арқылы дәлелденген. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға кең ауқымдағы медициналық қызметтер ұсынылады. Оған халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының қатысуына мемлекеттік қолдау көрсетіледі» атап көрсеткені белгілі.
Расында да, қазіргі уақытта қоғамның әлсіз топтарына мемлекет тарапынан және тиісті министрлік тарапынан барынша қолдау көрсетіліп келеді. Бір ғана мысал, наурыз айының басында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов көп балалы отбасылар үшін медициналық қызметтің қолжетімділін арттыру өзекті болып тұрғанын айтты. Оның үстіне әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасыларды да қорғау – басты назарда. Бұл орайда халықтың жеңілдетілген топтары, оның ішінде 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, көп балалы аналар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелері, АӘК алушылар, ҰОС қатысушылары, 1, 2, 3 топтағы мүгедектер, жасы бойынша зейнеткерлер, инфекциялық, Әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналасындағыларға қауіп төндіретін сырқатпен ауыратын адамдар жеңілдік алып отыр.
Әрине бұл бір министрлікке ғана тиесілі жұмыс емес. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары жоғарыда аталған немесе аз қамтылған топтар бойынша квота алатындардың тізімін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолдаған. Демек, қос министрлік жеңілдігі бар, сондай-ақ қоғамның әлсіз топтарына осылай барынша қамқорлық көрсететін болады. Өйткені қымбат тұратын қызмет түрлеріне ақы төлеуге жағдайы төмен азаматтардың қолы жете бермейді. Бұл орайда Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «халық бұл мәселеден хабардар болуы үшін ақпараттандыру жұмыстарын күшейту керек» деп есептейді. Сонымен қатар, осыған қатысты түсіндірме жұмыстарын да барынша көбейту керек. Өйткені МӘМС жүйесі бойынша әлеуметтік жағынан осал топтарға қандай көмек беріледі, оны осы топқа жататын азаматтар біле бермейді. Сондықтан алдағы уақытта бұл топтардың қатары тағы кеңеюі мүмкін. Нақты айтар болсақ, 2020 жылдан бастап жеңілдігі бар осы топтар үшін мемлекет тағы қаржы төлеуді жалғастырады.
Осы орайда айта кететін бір нәрсе, халықтың осал топтарына аударылатын жарнаның мөлшері қандай болады? Санға шағар болсақ, болашақта мемлекеттің жарнаның мөлшері орташа айлық жалақының 7 пайызын құрайды. Бұл қазіргі уақыттағы мөлшерлі шама емес. Атап айтар болсақ, жалпы жарнаның көлемі біртіндеп ұлғайтылып келеді. 2017 жылы - 4 пайыз, 2018 жылы - 5 пайыз, 2023 жылы -6 пайыз, 2024 жылдан бастап 7 пайыз шамасында болады. Жалпы заң жобасына сәйкес, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден босатылатын халықтың әлеуметтік осал тобының 14 санаты кіріп отыр. Ал олардың саны елімізде шамамен 10 миллион адамды құрайтынын атап өту керек. Ал қалғандары мемлекеттік, жеке меншік және басқа да салаларда жұмыс істеп жүргендер. Олардың жарнасын жұмыс берушілердің өздері төлеп отыр.
Әрине, тиісті мамандар атап көрсеткендей, денсаулықты нығайту ең алдымен адамның өзіне байланысты. Сондықтан да салауатты өмір салтын ұстап, адам сергек жүруі тиіс. Барлық мәселені дәрігерлерге, медицина қызметкерлеріне, үкіметке артып қоюға болмайды.
Негізі мемлекет медицина саласына жыл сайын қомақты қаржы бөліп келеді. Халықтың денсаулығын да үнемі назарда ұстайды. Бір ғана дерек, 2019 жылы республикалық қазынадан халыққа медициналық көмек көрсетуге 972,2 миллиард теңге бөлінді. Демек, мемлекет барған сайын медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға қадам жасауда. Бұл әрине игі қадам.