Әлеуметтік желідегі кейбір пікірлерді қарап отырсақ, құрдымға кетіп бара жатқандай көрінеміз. «Тәуелсіздік алғанымызға 25 жылдан асса да, мемлекеттік тілде неге сөйлемейміз?», «Қазақтың тілі құрыды». «Бәріне кінәлі – билік, олар Ресейдің тілінде сөйлейді». Бірақ бұлай деп байбалам салғанымызбен, тілдік жағдай түзелді ме? Жоқ.
Белгілі кинорежиссер әрі актер Нұртас Адамбай өзінің фейсбуктегі әлеуметтік парақшасында қазіргі қоғамның шынайы көрінісі болып отырған мәселені қозғайды. Рас біз «тілдік мәселе» туралы көп әңгіме қозғаймыз. Орысша сөйлейтіндерді жақтыра бермейміз. Бірақ көп ұлтты Қазақстан қоғамында олардың да пікірін бір тыңдасақ, қалай болар еді? Олардың да пікірінде ақиқат бар ма? Тыңдап көрелік, Нұртас Адамбай не дейді?
– «Неге бізді «таза қазақ» пен «шала қазаққа» бөлесіздер? Бөліну арқылы біз мемлекетіміз бен тәуелсіздігімізге қызғана қарайтын дұшпандарымызға өзімізді жығып береміз. Күн санап қазақ тілінде сөйлейтін жастардың артып келетінін көпшілігіңіз байқаған да шығарсыз. «Гәккудің» концертінде, Алматыдағы Астана алаңында 40 мың жас тыңдарманның қазақтілді әншілермен қосыла ән айтқанын өз көзіммен көрдім. Бұл дегеніңіз керемет! Мемлекеттік тілді білетін өскелең ұрпақ өсірдік! Сондықтан да кезінде белгілі бір себептермен өзінің ана тілін жетік меңгере алмағандарға «тас лақтырудың» қажеті жоқ. Мен өз елімді шынайы жақсы көремін және оның болашағы үшін алаңдаймын. Сондай-ақ, мен халқымызды қандай да бір белгілерге қарап бөлгенге қарсымын! Бізде барлығы жақсы болады».
Бұрын КВН-де ойнаған белгілі жігіттің бұл сөзінде аз да болса шындық бар. Рас, орысша сөйлегендердің барлығына орынсыз сөз айта бермеуіміз қажет. Ол қазақтілді болмағаны үшін кінәлі емес. Қоғамда қазақ тілінің өрісі кеңейіп, қанаттанып келе жатқанын бәрі де барған сайын мойындап келеді.
Жалпы бізде өзге ұлттың өкілі болса да, қазақ тілін насихаттап жүргендердің де қарасы көбейді. Оларды «мемлекеттік тілді насихаттадың» деп, сөгіп жатқан әріптестері де жоқ. Бір ғана мысал, орыс қызы Кристина Новикова Алматыдағы қорғаныс істері жөніндегі департаменттің баспасөз қызметінің басшысы. Негізгі мамандығы – филолог, ағылшын тілінің маманы. Әскери шені – майор. Қорғаныс саласында жұмыс істеп келе жатқанына биыл 15 жылдан асты.
–Бастапқыда қытай тілін таңдап, жарты жылдай сол тілдің сабақтарына қатысып жүрдім. Бірақ кейін испан тіліне ауысып кеттім. Өйткені өзіме Еуропа халықтарының тілдері жақын әрі оларды тез меңгеріп алатынымды байқадым. Ал күнделікті өмірде, жұмысымда қазақ және орыс тілдерін пайдаланамын. Кез келген бұйрық пен жеделхаттарды орыс тілінен қазақшаға аудару керек болғанда аудармашыны күтіп отырмаймын. Өзім аударып, жаза саламын. Бұл жағынан ешқандай қиындық жоқ. Адамдармен де дәл солай. Аты-жөнімді алдын ала біліп, хабарласқан адамдар орысша тілін бұрып сөйлеп тұрғанын сезсем, бірден қазақша сөйлеймін. Сонда телефонның арғы жағынан “Сіз қазақсыз ба?” деп таңданған дауыстарды естимін, – дейді Кристина Новикова.
Кристина құжаттағы аты-жөніне қарамастан өзін қазақпын деп санайды. Тіпті, көп нәрсені қазақша ойлайды. Бала күнінде Атырауда ата-әжесінің қолында өскен. Қазақ мектебіне барып, жоғары оқу орнын да қазақша бітірген. Демек, Кристина үшін тілдік кедергі жоқ. Ең алдымен ол өзін Қазақстанның патриоты сезінеді. Ал жүректе патриоттық сезім бар жерде, өзге ой болмайды.
Мысалы, сондай адамның бірі – Римма Афанасьева. Оның өскен ортасында қазақша сөйлейтіндер мүлде болмапты. Мектепте орысша оқып, бітірген. Бірақ бәрі өз талап-ынтасымен жүзеге асқан.
–Қазақ тілін еркін меңгеруге өзімнің қызығушылығым және осы пәннен сабақ берген ұстазым себеп болды. 1-сыныпты бітірген кезде «Мен қандай пәнді жақсы білемін?» деп ойладым. Сол кезде қазақ тілінен байқауға қатысып, екінші орын алғанмын. Егер жарыста озсам, яғни, әрі қарай тырыса беруге болады деп шештім. Сонда қатты қуанғаным әлі есімде. Сөйтіп мемлекеттік тілге ден қоя бастадым, – дейді қазақ тілі пәнінің мұғалімі Римма Афанасьева.
Римма қазір Қостанайдың Федоров ауданындағы Воронеж ауылында орыс мектебінде қазақ тілінен сабақ береді.
Мысалы, танымал тележүргізуші Майя Веронскаяның Қазақстаннан кету туралы тіпті ойы жоқ. Өйткені ол да – өз елінің патриоты.
–Менің Отаным – Қазақстан. Осы жерде дүниеге келдім, осында өмір сүріп келемін, өз жерімді, халқымды сүйемін. Ешқайда кеткім келмейді. Тарихи Отаным – Ресейде, әрине, болдым, алайда ол жақтың менталитеті мүлдем басқа. Айырмашылығы жер мен көктей. Маған жақпайды. Адамдардың басым көпшілігінің жүздері суық. Біздегідей, ақ жарқын емес. Қазақ халқы кең пейілді, бауырмал халық, – дейді танымал жүргізуші М. Веронская.
Демек қоғам қазақтанып келеді. Ал шынайы өмірде қазақ тілінің қажеттілігін сезіну – ұлтқа жасалған үлкен құрмет. «VISOR Holding»АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, экономист Айдан Кәріпжановтың былай дегені бар:
–Орыстілділер енді қазақ болуға ұмтылуы керек. Олар шын мәнінде ұлттық терең құндылықтарды сезіне алатын деңгейде болуы қажет. Өйткені таңдау құқы барған сайын тарылып келеді. Басқалай жол жоқ, – дейді Айдан Кәріпжанов.
Біз жоғарыда сөз еткен азаматтың бірі –қазақ, екіншісі – орыс, үшінші –украин. Бірақ бәрін де ортақтастырып тұрған бір нәрсе бар. Ол – мемлекеттік тілге деген құрмет. Ал өзін Қазақстанның патриоты ретінде сезіне алған кез келген азамат оның тілін де үйренеді, ұлтын да сүйеді және құрметтей де біледі.
Миуа Байназар
Оставить комментарий