Байзақ ауданында ардагерлер кеңесінің V пленумы болып өтті. Оны аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Беспаев ашып, есепті кезеңде атқарылған жұмыстарға байланысты баяндама жасады.
Қазіргі таңда, ауданда 9000 зейнеткер тұрады. Олар 18 ауылдық округтердегі ардагерлер кеңестеріне, 65 бастауыш ұйымдарына біріктірілген. Баяндамашы ел мүддесі жолында ардагерлер қауымының тындырған тірліктерін алға тарта келе, Елбасының «Ұлт жоспары», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы басым бағыттарын түсіндіру бойынша қолға алынған тірліктерге тоқталды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің халықтың әл-ауқатын көтеру бағытындағы қанатқақты жобасының маңызын түсіндіру, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, бастауыш ұйымдардың жұмысын жақсарту, ауданның 80 жылдық мерейтойын атап өтудегі ардагерлердің игілікті тірліктері, облыстық, аудандық деңгейдегі өткізілген спорттық жарыстарда топ жарған байзақтық қариялардың жеңістері, көмекке зәру қарияларға көрсетілетін қайырымдылық шаралары мен алдағы уақытта қолға алынғалы отырған маңызды істерді жергілікті жағдаймен байланыстыра баяндады. Мұнымен қатар, баяндамашы ардагерлер арасында шағын бизнесті дөңгелетіп отырған Несіпкүл Байжанова, Рыскелді Саршаев және Бекжасар Ермаханбетовтің, ардагерлер кеңесіндегі жастар ісімен айналысатын тұрақты комиссиясының төрағасы Серік Кембаевтың, нұсқамалық-әдістемелік комиссиясының төрағасы Шәймерден Мырзалиевтің есімдерін атап өтіп, әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссиясы төрағасы Серік Балабековтің тікелей ұйытқы болуымен ашылған әлеуметтік бөлменің жұртқа тигізіп отырған пайдасын назардан тыс қалдырмады. Ардагерлер кеңесі алдында тұрған міндеттерді жұмыла отырып, іске асырылатындығын жеткізді.
Баяндама бойынша жарыссөзге шыққан ардагерлер кеңесінің мүшелері өздері тұратын аулдардағы бірқатар мәселелерді көтеріп, соларды назарға алу жайында өтініштерін айтты.
Пленумда сөз алған аудан әкімі Нұржан Нұржігітов ауылдық округтерді аралап, жергілікті тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысу барысында ағын су, көгілдір отын, таза ауыз сумен қамту және жолдарды жөндеу, тұрғындардың әл-ауқатын көтеру сынды міндеттер бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Пленум соңында күн тәртібіне шығарылған мәселелер бойынша қаулы қабылданды.
Оставить комментарий