Мәдени байланыстар ынтымақтастықты арттыра түсті

/image/2019/11/19/crop-43_34_263x351_003.jpg

Алматыда қалалар арасындағы серіктестік және бауырмалдық қаты­нас­тардың 25 жылдығына орайлас­тырылған Мәскеу мәдениетінің күндері өтуде.

Шырайлы шаһарға табан тіреген Мәскеу делегациясын Мәскеу үкіметінің министрі, Сыртқы эконо­микалық және халықаралық байланыс­тар департаментінің басшысы Сергей Черёмин бастап келді. Мәдени күндер 28 гвардияшыл-панфиловшылар саяба­ғынан орын тепкен «Даңқ»  мемориа­лына гүл шоқтарын қоюдан басталды.

Одан соңғы іс-шара «Алматы Арена» сарайында ұйымдастырылған жасөс­пірімдер арасындағы бокс турнирімен жалғасты.

«Rіxos» қонақүйінде өткен экономи­калық-іскерлік конферен­циясының пленарлық сессияларында екі мегапо­листің инфрақұрылымдық, сонымен қатар, қос қаланың экономи­калық, инвестициялық және іскерлік ынтымақ­тастығының мәселелері тал­қыланды. 1994 жылдың қазан айында Алматы мен Мәскеу өзара бауырлас қала екендік­терін ресми түрде мәлімдеп, өзара ынтымақтастық келісіміне қол қойған болатын. Сол достыққа 25 жыл толып отыр. Екі мегаполис арасындағы мәдени, рухани іс-шаралар да содан бері бір тоқтаған емес. Білім, денсаулық, мәдениет саласында бірлесіп атқарған жобалар қарасы да біршама.

Абай атындағы мемлекеттік акаде­миялық опера және балет театрында Мәскеу мен Алматы арасындағы достық қарым-қатынастың қашан, қалай орнап, дамығандығын бейнелейтін «Алматы–Мәскеу достығына 25 жыл» фотокөрмесі ұйымдастырылды. Көрме экспозициясына Мәскеу қалалық бас архивінен алынған тарихи құжаттар мен фотографиялар қойылған.

Мәдениет күндері аясында Қазақ­станның Оңтүстік астанасына мәскеу­лік алдыңғы қатарлы өнер ұжымдары да келді. Олар Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әсем де еңселі сахнасында өнерлерін көрсетті.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

 

Оставить комментарий

Связанные Статьи