Алматы облысы мен Алматы қаласы сейсмо-қауіпті аймақта орналасқандықтан мұнда табиғи апаттар (сел жүру, жерсілкіну т.б.) жиі орын алып жататыны белгілі. Бірақ, қара халықтың басына қасірет бұлтын үйіріп, алағай да, бұлағай күйге түсіретін апаттардың бәрін дерлік табиғи сипатқа жатқызуға келмейді. Кейде апаттар адам қолымен жасалады. Мысалы, осыдан тұп-тура 5 жыл бұрын Алматы облысындағы Қызылағаш апаты естеріңізде болар. Бұл кезде су бөгеті кемерінен тасып, дамба жарылып кеткенде бүкіл ауыл «топанның» астында қалған болатын. Иә, бұл кезде де «қоймадағы» су тасыған. Яғни, бірлі-жарымды адамдардың өз жұмысына салғырттығынаның салдарынан қара халық қайғы қамытын киген. Араға 5 жыл салып оқиға Алматы қаласында қайталанды. Енді осы қос апатты салыстырып көрейікші.

Наурызбайдағы лай тасқыны қалай басталды?
Шілденің 22-сінен 23-не қараған түні Шапай ауылының үстінде орналасқан су бөгеті кемерінен асып, суағардағы су арнасынан тасығанда Алматы қаласының 3 бірдей шағын ауданы лай топанның астында қалды. Наурызбай, Таусамалы, Каменка, Қарағайлы, Шапай секілді ауылдар мен аудандарда тұрғындар түңгі сағат 03:00 де баспаналарын тастап, бас сауғалай қашты. Көптеген үйлер қирады, дүние мүліктер шығыны әлі есептелген жоқ. Ең бастысы – адам шығыны болған жоқ. Лай көшкіні кезінде 900-ден астам отбасы эвакуацияланған. Ең сорақысы – сел жүру қауіпі туралы ешбір құзырлы орган халықты ескертпеген. Алматы қаласының ішкі аудандарында рейд жүріп, учаскелік полиция қызметкерлері түн ішінде дабыл қаққанымен, оқиға ошағы – Наурызбай, Шапай жаққа жетпеген. Қатты гүрілден зәрелері ұшқан тұрғындар мүмкіншілігінше – қала сыртына асыққан. Ал жаңа туған нәрестелі, қарт адамдар лай тасқыны кезінде үйлеріне қамалып қалған. Таңға жуық құтқарушылар келіп, арнайы техниканың күшімен – олар қауіпсіз аймаққа шығарылған. Қатты сел адам бойынан асатын түйетастарды қала көшелеріне дейін ағызып әкелген. Үйлер қираған, жарамсыз көліктер, электр желілері бұзылған, жолдар – ойылған т.б. Осының бәрі – су бөгетіндегі судың мөлшері бақыланбағандықтан және күннің күрт жылынуынан.

Қызылағаш қасіреті
2010 жылы Наурыздың 11-iнен 12-сiне қараған түнi Талдықорған қаласынан 55 шақырымда орналасқан Қызылағаш ауылын – түнгі сағат 02:00 шамасында «топан су» шайып кетті. Бұл ауылда 2,5 мың адам тұратын. Бұрындары бұл ауылда 15-ке тарта көше болатын. Топан судан кейiн екi-ақ көшенiң үйлерi ғана қалған еді. Онда да олар әбден қирап, адам тұруға жарамсыз күйге түскен. Жергiлiктi тұрғындардың сөзiне сенсек, сол кезде ауылда 300-ге тарта үй қирап, үйiндiге айналған. Есептеп қарасаңыз, бұл ауылдың тең жарымы деген сөз. Қалған жартысының қабырғасы құлаған, терезелерi шағылған, үйдiң iшiн топан су басқан. Бiр сөзбен айтқанда, апат орнынан қашықтау орналасқан бiрен-саран үйлер ғана аман қалған-ды. Ауылды мал мен адам өлiгiнiң мүңсiген исi алып кеткен. Ол кезде – Қызылағашта 300-ден астам адам опат болған еді. Ол кезде мәселе былай болған. Қызылағаш су бөгенiне 40 миллион текше метр су сыяды екен. Жылда көктемде ол өзiнiң арнасынан асып, тұрғындарға қауiп төндiрген. Сол жылы күзде қызылағаштықтар су бөгенiнiң бастығы Мұхит Жүнiсовке (ауыл әкiмiнiң туған iнiсi) талай мәрте барған. Жағдайды түсiндiрiп, мән-жайды айтқан. «Суды ағызып жiберейiк, көктемде бұл қауiптi болады» деп те түсiндiрген. Бөген бастығы мұны ұқпаған соң қызылағаштықтар ауыл әкiмiне барып айтқан. Сонда Е.Жүнiсов «суды ағызбаймыз! Көктемде маған суды сендер бересiңдер ме?» деп жұртты қуып шыққан. Содан кейінгі жағдайға бүкіл қазақстандықтар куә болған болатын.
Қызылағаш қасіретіне кінәлілер қалай жазаланды?
Аталған дерек бойынша 2010 жылы тамызда «Қызылағаш» су қоймасының басшысы Қ. Бекеев, оның орынбасары М. Жүнісов, Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Б.Тынышбаев, Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Е.Жүнісов, аудандық төтенше оқиғалар жөніндегі бөлім бастығы Қ.Байзақов, облыс әкімшілігі су ресурстары комитетінің бұрынғы бастығы А.Сабиров және облыстық төтенше оқиғалар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Е. Енин жауапқа тартылған.
2011 жылы 9 ақпанда әскери соттың үкімімен Қ. Байзаковты 3 жыл бас бостандығынан айыруға, сонымен қатар шартты түрде 2 жылға сотталып, оған 3 жылға дейін мемлекеттік қызметке орналасуға тиым салынған.
Ал, Қ. Бекеев және М. Жүнісов 5 жыл бас бостандықтарынан айырылып, олар жазаларын колония қоныстарда өтеуі белгіленген. Олар 3 жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Осы сот үкімімен А.Сабиров та оқиғаға кінәлі деп таныла отыра, ҚР ҚК-нің 69 — бабы 1-бөлігімен ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылған.

Наурызбайдағы лай тасқынына кінәлілер жазалануы тиіс
Наурызбай ауданындағы лай тасқынына қатысты әлеуметтік желілер мен қазақстандық БАҚ-та «Табиғи апат» деген сипат берілуде. Негізінде бұл ешқандай да табиғи апат санатына жатпайды. Табиғи апат – жаңбырдың толассыз жаууынан, өзен, көл, мұхиттың арнасынан тасуынан, қар немесе лай көшкінінен келетін стихия. Ал, «Платина», «Дамбы», «Тоспа» - бұл арнайы бақылауда ұсталатын нысан. Яғни, жауапты адамдардың өз қызметіне салғырттығының нәтижесі. Ендеше бұған бірден бір жауапты – ТЖД басшысы В.Божко және Алматыны алақанында ұстап отырған Ахметжан Есімов мырза. Аптап ыстық болып тұрған кезде Каргалинка бөгетінің межелі мөлшерін бақыламаған шенеуніктердің үстінен қылмыстық іс қозғауды талап ету керек. Мыңдаған адамды қапыда табиғат апатында қалдыру - қылмыс.
Қос оқиға да ешқандай табиғи апат санатына жатпайды
Қызылағаштағы қанды оқиға мен Наурызбайдағы лай тасқыны табиғи апат болса, халық шарасыз бұған мойынсұнар едi. Бiрақ, бұл табиғи апат емес, адам қолымен жасалған нағыз диверсия! Бұлай деуімізге де себеп бар.
Мемлекеттен көмек
Ол кезде қызылағаштықтарға мемлекеттен көмек ретінде 600 млн теңге бөлінсе, Наурызбайдағы лай тасқынынан зардап шеккен халықтың жағдайын төбесінен ткікұшақпен аралап жүріп көрген Ахметжан Есімов "Қорда 679 миллион теңге бар, алайда Мәслихаттың сессиясында оны 2 миллиард теңгеге ұлғайту туралы шешім қабылданды. Бірақ ол соманың барлығы апаттың салдарынан келген шығынды өтеуге жұмсалады дегенді білдірмейді", - деді.
Нұргелді Әбдіғаниұлы