Алматыдан алыстағы сел туралы не білесіз? (Видео)

/uploads/thumbnail/20170708190730881_small.jpg

Алматы алып шаһар ғой.  Бірақ астана статусынан айырылып қалғанына кеше бірінші рет қуандым. Қазақстанның астанасын сел басып жатыр деген ақпарат айдай әлемге тараса, ұят болар еді ғой. Ал Алматы астана болмағандықтан, ақырындап, шұрқыраған жұртқа басу айта отырып, сыртқа сыр білдірмей, бұл күнді де өткеруге болады. Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Дегерес деген ауыл бар. Ол ауылда жыл сайын тасқын болады. Бірақ ол Алматыдан жүз шақырымдай қашықтықта орналасқандықтан ол мекеннің селінің «дауысы» Алматыға жетпейді. Алматыға жетпеген соң, Астана да бір ауылды жыл сайын лайлы тасқын шайып отыратынын білмейді де. Жыл сайын ағатын селге тұрғындар да үйреніп алған. Құзырлы орындарға шағымданып, әкіміне өкпелеп жатпайды. Тасқынды селге малдың төлдері ағып кетеді. Қырға еккен картоптарын тасқыннан соң, шелекпен сайдан теріп жүреді. Олар шынымен де еңбегінің еш кетіп, картоптарының сайға ағып кеткенін, төлінің селге тұншығып өлгенін табиғи апат деп есептейді. Құдайға жалбарынып, жауын көбейіп кетсе тасаттық та беріп қояды. Ауылдың ішіндегі тоғандарды тазартып, артық судың ауылдық тұрғындарды әбігерге салмауына қатысты жұмыстар әкімшілік тарапынан жүргізілуі тиіс қой деген уәжіңе олар құлақ та аспайды. Құлақ асқандары бола қалса, өмір сүргеніміз әкімге міндет пе, ол жалғыз өзі аспаннан келген алапатқа қайтіп төтеп бере алады деген уәж айтады. Дегерестің суы тасыса- оның төменгі жағында орналасқан Тарғап ауылының су бөгені де арнасынан асып түседі деген сөз. Биылғы тасқынның суы Тарғапқа жеткен жоқ. Бірақ осыдан үш апта бұрын Дегересте жылдағы заңдылық бойынша тасқын жүрді. Малдың төлі түгілі, сол селді жыл сайын    көріп жүрген үлкен сиырдың өзі «сасқалақтады». Өзеннің көпірлері ағып кетті. Үш аптадан бері тұрғындар өзеннің арғы жағы мен бергі жағына балағын түріп тастап, аяқ киімін қолына ұстап, суды кешіп өтеді. Күн қатты  ысығанда әлгі өзен ирелеңдеген жылан секілді жіңішкеріп, өзі жұп-жуас бола қалады. Әлгіні мынау біздің ауылдың өзені деп айтуға ұяласың. Себебі  өзен суы ауылдықтардың арығымен жан-жаққа тарамдалып бөлінеді емес пе? Ал жауын жауған күні өзен ешкімге керек емес. Сондықтан ол арнасынан асып, кемеріне мініп мінез таныта бастайды. Сіз осыдан үш апта бұрынғы Дегестің селі туралы естідіңіз бе? Жоқ. Себебі ауылдықтардың ашуын жылы сөзбен басуға болады. Олар аңғал ғой, алдап қойсаң сенеді. Табаныңа тисе, миыңды зырқ еткізетін  таудың тастай суын таңғы уақытта балағын түріп кешіп өтіп, малын жайғап жүре береді.

Айнұр Төлеу

Связанные Статьи