ОҚО, Кентау қаласы – Балалар жазғы демалысты тиімді әрі табысты өткізді

/uploads/thumbnail/20170708193357579_small.jpg

Кентау қаласының студенттерінен құрылған «Жасыл ел» еңбек жасақтары жайдары жазды қызықты, әрі табысты өткізді. Қала колледждерінде білім алушы 40 жас маусым-шілде айларында қаланың көгалдандыру мен абаттандыру істеріне атсалысты. Яғни, саябақтар мен көшелердегі, аллеялардағы гүлдерді суарып, күтіп баптау жұмыстарын атқарды. Ағаштардың қурағандарын отап, жасыл желектердің бойын біркелкі қырқып шықты.

Бұл жұмыстарды атқарған жастарды қаржыландыру мәселесі де өз шешімін тапқан. «Жасыл Ел» республикалық еңбек жасақтары штабынан әр студентке 17697 теңге төленсе, қалалық бюджеттен 21364 теңге бөлініп отыр. Сондай-ақ, жастар кепка, футболка, спортивка, шалбар, аяқ киіммен толықтай қамтамассыз етілді.

- «Жасыл Ел» еңбек жасақтарының жұмысы Кентау қаласында 2010 жылдан бері жүргізілмеген болатын. Биыл Жастар орталығының ұсынысымен, қала әкімі Ә.Мақұлбаевтың қолдауымен қайта қолға алынды. Бағдарлама бойынша Кентау медицина колледжі, Кентау көпсалалы колледжі, №7 колледжінің студенттері қалада жұмыс атқарды. Іс-шаралар аясында қалалық Жастар орталығының ұйымдастыруымен жастардың тарихи тағылымдарын арттыру мақсатында Бәйдібек, Түркістан, Отырар аудандарының тарихи жерлеріне саяхат және жастар қазақстандық өнімді таңдайды атты флешмоб өткізілді. Алдағы уақытта облыс орталығындағы мәдени ошақтарға саяхат жасау жоспарда бар, - дейді Кентау қалалық "Жастар орталығы" КММ директоры Қанат Бекметов.

Жалпы бағдарлама елімізді көгалдандыруға және жастарды еңбекке баулуға бағытталған. Жазғы демалыста уақыттарын тиімді пайдаланып жүрген жастар бағдарламаның келер жылы қайталанғандығын қалайды.

- Біз қаламыздың көркеюіне атсалысып, гүлденуіне өз үлесімізді қосып жүргенімізді мақтан тұтамыз. Әрі ақша тауып, жаңа оқу жылына киім алмақпыз. Ата-аналарымызға ешқандай салмақ салғымыз келмейді. Жастарды еңбекке баулитын «Жасыл ел» бағдарламасы келер жылы да жалғасын тапса деген ұсынысымыз бар, - дейді Кентау медицина колледжінің 4 курс студенті, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жетекшісі Мұхамметали Мұрадов.

Міне, осылайша кентаулық жастар жазғы демалысын қызықты әрі табысты өткізуде.

Связанные Статьи