Жақында Алматыда «Күншуақ KZ» көпшілік қорының президенті Светлана Владимировна Ковалерованың және Алматы қалалық Оқушылар сарайының ұйымдастыруымен 25 жасқа дейінгі жастар ара-сында өткен халықаралық ән-фестиваліне қатысып қайтқан отырарлықтар олжалы оралды. Ән жанры бойынша өз бағын сынаған жас талант Жамбыл атындағы мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Әйгерім Саматқызы Бекболат бірнеше мемлекеттерден келген әншілер арасында бас жүлдені жеңіп алса, Нұршуақ Сәкенұлы Сейтісхан жүлделі үшінші орынды иеленіп, лауреат атанып қайтты.Ұлы сазгер Шәмшінің жерлестері өз өнерлерімен Италия, Польша, Германия, Ресей сынды мемлекеттерден келген әділқазылардан жоғары баға алып, еліміздің мерейін үстем етті. Осындай жетістікке жетуге үлесін қосқан аудандық Жастар сарайының вокалдық үйірме жетекшісі Салтанат Жиренбайдың еңбегі зор. Әсіресе, Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Нұршуақтың Шоқан Уәлиханов атасы киген оқалы киімі шетелдік көрермендерге қатты ұнаса керек. Өнегелі, тәрбиелі отбасылардан шыққан Нұршуақтың әкесі Сәкен мен анасы Қамажайға, Әйгерімнің ата-анасы Самат пен Әлияға айтар алғысымыз шексіз. Әні мен киімі үйлескен жас әншіге болашақта үлкен шығармашылық табыстар тілей отырып, шығар асуың биікте болсын дейміз.