Құрамында жерлесіміз Айдын Айымбетов, ресейлік ғарышкер Геннадий Падалка мен дат астронавты Андреас Могенсен бар «Союз ТМА-16М» ғарыш кемесінің халықаралық экипажын Астанада Нұрсұлтан Назарбаев қарсы алуы мүмкін. Бұл туралы «Қамшы» порталы BNews.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Nur.kz сайтының жазуынша, «Қазғарыш тарапынан хабарлама келіп түсті, оған сәйкес Қазақстанның бірінші тұлғасы – президент экипажды өзі қарсы алуға ниет білдірген, осыған сәйкес қосымша міндеттер қойылып, екі сағат он минут қосымша уақыт бөлінді – қону орнынан Астанаға дейін жеткізу үшін. Осы бағытта ғана өзгерістер енгізіліп отыр, әдетте біз экипажды Қарағандыда қарсы алатын едік, онда экипажды қарсы алуға қатысты шағын іс-шара ұйымдастырылып, дәрігерлер олардың хал-ахуалын тексеріп, экипаждың брифингке қатысу-қатыспау жағдайын бағалайтын болады. Егер оған мұршалары келсе, шағын брифинг өткізіледі де, сол жерден экипаж мүшелері өз базаларына аттанады», – деп хабарлады журналистерге берген сұхбатында Ресей Әуе көліктері федералдық агенттігі басшысының орынбасары Александр Ведерников.
Ол сондай-ақ экипажды Астанада қарсы алу ғарышкерлер тарихында екінші рет орын алғалы отырғанын тілге тиек етті.
Сонымен қатар қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетовті қонған жерінен туған-туыстары, 17 жастағы ұлы Әмір мен бауыры қарсы алатынын атап өтті.
«Союз ТМА-16М» ғарыш кемесінің жерге қонуы Жезқазғаннан оңтүстік-шығысқа қарай 146 шақырым жерде 2015 жылы 12 қыркүйекте сағат 6.51-ге жоспарланған.
Нұрзат Тоғжан
Оставить комментарий