Дариға Нұрсұлтанқызының келешектегі қызметі қандай болмақ?

/uploads/thumbnail/20170708193758759_small.jpg

Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен мәжіліс депутаты Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаева ҚР Премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалғаны туралы кеше «Қамшы» порталы жазған болатын.

2014 жылдан бастап ҚР Премьер-министрінің орынбасары қызметін атқарып келген Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың қызметінен кенет төмендетілуі мен мәжіліс депутаты, Елбасының сүйікті қызы Дариға Нұрсұлтанқызының  жоғарғы лауазымға ауысуы нелерді аңғартады? Жоғары билік саясатының тосын ауыс-түйіс жасауына қатысты қазақстандық және ресейлік саясаткерлер мен саясаттанушылар арасында қызу пікір-талас тудырды.

Әсіресе, Дариға Нұрсұлтанқызының премьер-министрдің орынбасары қызметіне тағайындалуынан  Қазақстан Президенті тақ мұрагерінің сұлбасын елестеткендер де жоқ емес.

Қазақстанның билік элитасы белгілеген «ойын тәртібі» әлдеқашан халық бағасын алғанын ескеретін болсақ, мемлекеттің саяси-билік жүйесіндегі негізгі тұлғалары мемлекет басшысы болып табылады және ол билік элитасы ішіндегі түрлі ықпал етуші топтар арасында тепе-теңдікті ұстап отыруы тиіс. Оған қоса, Президенттің шешімінсіз элитаның ешбір өкілі келесі екінші Президент лауазымына үміттенуге жағдайы жоқ.

Соңғы уақыттары Президенттің денсаулығына және жасының келгендігіне байланысты саясаттанушылар мен қоғамдық ортада «Келесі президенттің» сұлбасына қатысты түрлі болжамдар айтылып келеді. Президенттік орынға мүмкіндігі бар мұрагердің саяси ықпал ету деңгейі де үлкен маңызға ие екенін ескерсек, Елбасынының арнайы жарлығымен Дариға Назарбаеваның «Қазақстандағы үшінші билік» қызметіне тағайындалуынан астар іздеуге әбден болатын секілді.

ҚР Президентінің жақын туысқандарының болашақ мұрагер ретінде ұсынылуы тиімсіз екенін Президенттің өзі наурыздағы сұхбатында айтқанын білесіздер

Олардың барлығында жалпыға ортақ ішкі билік элитасында біршама тепе-теңдікті ұстап тұратындай мемлекеттік қызметтегі тәжірибе аздығы мен саяси ықпал деңгейінің төмендігі байқалады.

Сонымен, соңғы тағайындаудан кейінгі саясаткерлер тұжырымына назар аударайық.

Андрей Казанцев, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты «Сараптама орталығы» директоры .

-Мен Дариға Назарбаеваның бұл қызметке тағайындалуынан ешқандай сөкеттік көріп отырған жоқпын. Дариға Нұрсұлтанқызы білікті саясаткер. Халықаралық деңгейде ықпалы бар адам. Қоғамдық ортада да танымалдылыққа ие. Мен бұл тағайындау арқылы Назарбаев мырза тақ мұрагерін көрсеткісі келеді деген пікірмен мүлдем келіпсеймін. Өйткені, Дариға Назарбаева мықты саясаткер болғанымен, президент болуға оның шамасы жетпейді. Оның үстіне Қазақстан мен Орталық Азиядағы қалыптасқан мәдени түсініктерге байланысты ел президенттігіне әйел адамды қою қиындау болатыны түсінікті. Сондықтан, тақ мұрагерінің есімі бәріміз үшін әлі жұмбақ күйінде қалмақ. Оның үстіне, пост-кеңестік мемлекеттердегі жағдайларды ескере отырып, президент Назарбаев билік басында қалу үшін барлық шараны қолдана алады. Бұл әрине, өз басы үішін емес, халықының жағдайы үшін.

Андрей Чеботеров, қазақстандық саясаттанушы:

-Дариға Назарбаеваның ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің  орынбасары лауазымына тағайындалуы осыған дейін айтылып келген парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге себеп болуы мүмкін. Ол бұл қызметке тағайындалмас бұрын, ҚР Мәжілісінде вице-спикер болып қызмет атқарды. Менің ойымша, бұл тағайындауды «мәжілісті тарқатып жіберудің бір жолы» деп қарастыруға болатын сияқты. Мемлекет басшысы өз қызын Үкіметке әкелгені – парламентті таратудың жолы болуы бек мүмкін. Сондай-ақ, бұл тағайындау мемлекет басшысы үлкен қызының саяси карьерасына алаңдайтынын көрсетті.

Ол мұндай сұхбатты "Новости-Казахстан" агенттігіне телефон арқылы берген.

Түйін:

Жалпы, елдегі биліктің сабақтастығын қамтамасыз ету тұрғысынан саяси элита ішіндегі ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мемлекет басшысы ретінде ықтимал мұрагерлерінің мүмкіндіктеріне қатысты баға беретін болсақ, қазіргі таңда ішкі билік элитасында немесе оппозицияда онымен тең тұратындай тұлға жоқ. Сондықтан, Дариға Нұрсұлтанқызының кезекті тағайындалуы – әншейін саяси ойын болуы мүмкін.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Оставить комментарий

Связанные Статьи