Бір облыстың немесе қаланың әкімі жемқорлықпен ұсталыпты деген жаңалыққа селт етпейтін болғанбыз. Біздің таңқалыстан тітіркенетін талшықтарымыз бұндай ақпаратты қалыпты деп қабылдайды. Әкім ба? Ол міндетті түрде жеу керек, парақор болуға тиісті. Ұлттың несібесінің талан-таржға түсіп, кім көрінгеннің қалтасына сүңгіп кетуіне біз міз бақпаймыз. «Жақсы менен жаманды» парықтай алмайтындай бізге не көрінді? Парқысыздық талғамды төмендетеді. Ал талғамның жоқтығы көптеген мүмкіндіктерді шектей бастайды. Мүмкіндігі шектеулі ұлт! Жақсы естіле қоймайтын сөз. Бірақ шындығы сол-біздің мүмкіндігіміз күннен күнге шектеліп келе жатыр. Еліміздегі «әкімкетістің» соңғы сценарийіне көз жүгіртіп көріңіз. Қазақстанда Қостанай деген қала бар емес пе еді?! Ол қаланы Ахметбек Ахметжанов деген азамат басқарып отырады. Күндер өте береді. 2015 жылдың 1-тамызында әкімнің орынбасары Мақсұт Қалиев қаладағы "Премиум Палас"мейрамханасында пара алды деген күдікпен ұсталады. Ол жалғыз емес екен. Екі күннен соң, А. Ахметжановтың екінші орынбасарының да қолына кісен салынды. Фрунзик Аракелянның да күдікке ілініп (әкімнің екінші орынбасары), қызмет бөлмесінде ұсталғандығы туралы ақпар тарай бастайды. Бұл оқиғаның өткеніне бір ай тола бергенде әкімнің өзі әкімтақтан бас тартуды құп көреді. Облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов А. Ахметжановтың жылы орнынан жылыстағанына қарсы бола қоймайды. Бірақ қызметінен босағанына бір күн болмай жатып қаланың бұрынғы әкімі Ахметбек Ахметжанов 8 қыркүйек күні сағат 17.05-те қызметін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталды. Қазір ол үй қамақта отыр. Ал бұрынғы әкімнің әкімдік орынтақты босатуына байланысты бұйрыққа қол қойған Нұралы Сәдуақасовтың тағдыры басқаша өрбіді. Абырой болғанда дейміз бе, А. Ахметжанов пен оның екі орынбасарына телінген күдік пен айыптың оған қатысы жоқ. Десе де қала басшысының қызметін асыра пайдаланып, екі орынбасардың парамен ұсталғаны Н. Сәдуақасовтың қызметіне көлеңке түсірмеді деуге келмейді. Бірақ Зеренді ауданында құрамында 15 адамы бар театр актерлерінің тобы Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдерінің алдында қойылым қойыпты деп тараған ақпарат парақор орынбасарлардың әркетінен әлдеқайда ауыр тиді. Бұған қатысты әкімдікке қарайтын баспасөз қызметтері қанша түсінік берсе де, ақпарат таратушы тарап, нақтырақ айтсақ Дәулет Қуанышбаев өзіне қысым жасалып жатқандығын, осыған қатысты аштық жариялайтынын Facebook парақшасында жазды. Осылайша, Нұралы Сәдуақасовтың өзі де әкімдік орынтағын босатты. Оның орнына Архимед Мұхамбетов барып жайғасты. Архимед Бегежанұлы Мұхамбетов 1972 жылдың 6 маусымда Ақтөбе облысы Алға ауданында дүниеге келген. Самара мемлекеттік техникалық университеті мен Қазақ-орыс халықаралық университетін тәмамдаған. Мамандығы бойынша - инженер-электрик, сонымен қатар, қаржы бакалавры.
Ол еңбек жолын Ақтөбе қаласының коммерциялық құрылымдарында бастаған. Ақтөбе облысының сыртқы-экономикалық байланыс және инвестициялар басқармасының бастығы, «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өңірлік директоры, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары, Ақтөбе қаласының әкімі қызметтерін атқарды. 2011 жылғы 22 шілдесінен бастап Ақтөбе облысының әкімі қызметінде болды. Ал, Ақтөбе облысына Бердібек Сапарбаев әкім болып барды. Бас қаладағы премьер- министр маңынан Б.Сапарбаевты не үшін алшақтату керек болды?
Бәрін ай та, бірін айт, Қостанай облысының бұрынғы әкіміне «саунадағы серілік» деп аталатын күйе жағылып еді ғой. Соған қайта оралайықшы. Бұрынғы әкім осы күйеден бетін қайта тазарта ала ма? Қостанай қаласының әкімі мен қос орынбасарының әрекетіне оның қатысы бар ма? Әлде ол шынында Қостанайда болып жатқан жайдан бейхабар, Зерендіде саунада сауық тамашалап жүрді ме? Бәлкім оны қызметтен босату мақсатында осындай қос бүйірден бір-ақ соғатын саяси сценрий дайындалған болар. Олай болуы да ғажап емес. Өйткені былтыр оның ойыншық мүсінін жасап көрмеге қойған болатын. Сол қалпы әкімнің сувенир мүсінін көрмеге кім қойғаны анықталмай кетті. Ал әкім өзі бейнеленген 20 сантиметрлік ойыншық сувенирді сатып алған болатын. Осылайша қос орынбасардың парақорлығынан басталған Қостанай жыры қос әкіммен қоштасуға алып келді. Егер Зерендідегі «Саунадағы сауық» туралы әңгіме осымен сап тиыла қалса, онда қарсы топтың мүддесі орындалды деп түсінуге болатын шығар. Ал әңгіменің жалғасы бар болса, онда гәп шынымен кеткен әкімнен шыққан деп түсінерміз. Кім біледі? Түлкі-саясаттың құйрығының бұлаңын бағып көрелік...
Айнұр Төлеу
Оставить комментарий