Шенеуніктің ұлы тепкіге жыққан қыз туралы не білесіз?

/uploads/thumbnail/20170708194322531_small.jpg

Қылмыскердің барлығы жынды ма? Тұтқындалған адамды қылмыскер деп айыптауға азаматтық әрі журналистік пәрменімнің жетпейтінін жақсы білемін. Себебі сот емеспін. Алайда кеше ғана кинотеатрға қызымен барып, қоғамның ортасында жүрген адам жынды болып қалыпты дегенге сіз нанасыз ба? Астанада есепші қызды тепкілеген шенеуніктің тентек ұлы аяқ-асты есінен адасып қалыпты. Иа, есінен адаспаса қызды теуіп несі бар?  «Қамшы» порталы қызға аяқ көтерген жігіттің Болат Турагелдиевтің ұлы екенін жазған болатын. Болаттың баласы қатты ашуға булығып, бойжеткенді қалай тепкенін білмей қалыпты-мыс. Бұл туралы « КТК» арнасы хабарлады. Кинотеатрдағы бармен қыздың сатқан сусынын жақтырмай, жұдырық сілтеген бай баласы қазір тергеу изоляторында жатқан көрінеді. 22 жастағы жігіттің әкесі Болат Турагелдиев премьер-министр кеңсесінің бас инспекторы. Алайда ол бүгін қызметтен кететін болып шешім қабылдап, арыз жазды. Ал оның ұлы Қуаныш Турагелдиев өз ісіне өкінетін көрінеді. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне сотқар ұлыдың қорғаушысы Асқан Үсенбаев хабарлаған. Бір тепкісі әкесінің қызметтен кетуіне татитын Қуаныш қазір барлығына өкініп, кешірім сұрауға дайындалып жатыр екен. Әзірге жәбірленушінің қаншалықты деңгейде тепкі алғандығы туралы нақты деректер жоқ. Жәбірленуші қызмет ететін орындағы оның әріптестері журналистерге түсініктеме беруден бас тартқан.  Осыған байланысты көптеген құқыққорғаушылар істің әділ аяқталатынына күмәнмен қарайды. Іс  қос тараптардың ымыраға келуімен тәмамдалуы  бек мүмкін. Оның себебін мамандар осындай жағдайға байланысты заңның әлсіздігімен түсіндіруде. Мұндай жағдайда заң қаншалықты қатаң болса да, шенеунікті қорғаушылар әйтеуір бір шикілік тауып алған болар еді. Бұл оқиға әлеуметтік желі пайдаланушылардың жағасын ұстатқанмен, Әлібидың ісі секілді ұзақ талқыланған жоқ. Себебі күдіктінің келбеті айқындалғанмен, жәбірленушінің жарақаты туралы жан түршігерлік суреттердің куәсі бола алған жоқпыз. Әлбетте, жәбірленушіні мүмкіндігінше желі пайдаланушылардың назарына ұсынбау әрекеттері жүріп жатқан болар. Мамандардың қос тарап ымыраға келеді де, іс жабылады деп болжауының астарында осы жатса керек-ті.  Қызын қызғыштай қорғап, төрін ұсынған қазақтың қыздары бүгін шенділердің текпісіне түскен. 1986 жылы қазақ қыздарының ащы дауысы Алматы аспанының астында Желтоқсан айында шыққан болатын. Бірақ ол кездің тепкісінің мүддесі мүлдем бөлек болатын. Тоқпақтай бұрым орыстың жендетінің білегіне оралып, қазақтың қаны тамған аппақ қарға қап-қара құралай көздердің мөлдір жастары тамып еді. Сол оқиғадан соң, қазақ қыздарының қайсарлығына тағы бір мәрте тамсанып едік. «Мен қазақ қыздарына қайран қаламын» деген фраза сол кезден бастап біздің өмірімізге еніп еді. Бірақ, сол шақта біздің қыздарды енді ешкім жылатпайтын болады деп сенген едік. Олай болмай шықты. Қарындастарының кассада тұрғанына қабырғасы қайысып, « неге біздің ұлттың баласы мұндай жерде тірнектеп еңбек етуге тиісті. Қазақ өз жерінде құл болмауы керек. Біздің жеріміздегі байлықпен әр қазақтың шалқып өмір сүруге хақы бар», деп ойлауға тиіс жігіт, керісінше аямай тепкіге жықты. Себебі, аш бала, тоқ баламен ойнамайды. Жәбірленушінің қазақ екендігі еш жерде айтылмаған. Бірақ оның сіңілім екендігіне сенімдімін. Себебі кассада басқа ұлт тұрса, Қуаныш есінен адаспай, суын алып ары қарай кете беретін еді. Есінен адаспай тұрған кезде-ақ қазақпен бітімге келуге болатынын ол жақсы білді.Әлде олай емес пе? Менің қателесуім де мүмкін. Ал қателеспеуім үшін жәбірленуші қыз туралы ақпаратты ел назарына ұсынуды талап етемін! Ол қайда? Жағдайы қалай? Біз неге ол туралы мүлдем бейхабармыз. Кімнің баласы екен? Қай жердің тумасы?

 

Айнұр Төлеу

 

Связанные Статьи