Ендігі жерде салығы мен қарызын төлемеген алматылық автокөлік иелері көліктерінен айырылатын болады. Себебі мегаполис бюджетіне салықты дер кезінде төлемеген автокөлік иелерінің кесірінен 4 миллиард теңгеге жуық шығын келген.
Соны ескерген, Алматы қалалық мемлекеттік кіріс басқармасы соңғы шараны қолға алуға кіріскен. Бұл туралы «Қамшы» порталы today.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Жергілікті әкімшілік басқарманың енгізген жаңа талабының алғашқы жазаланушысы қала тұрғыны Юлия Озер есімді көлік жүргізушісі. Қымбат шетелдік көліктің иесі мемлекетке 650 мың теңге көлемінде салық төлемеген. Салдарынан көлігі айып тұрағына жеткізілген. Кейін анықталғандай көлік иесі 2012 жылдан бері қарай салық төлемеген болып шықты. Юлия секілді тағы 26 мың көлік жүргізушісі дер кезінде салық төлемегендердің тізіміне қосылған. Олардың мемлекетке қарызы 3 миллиард 700 миллион теңгені құрап отыр.
«Жыл басынан бері қарай мемлекеттік сот орындаушыларымен бірлесіп жүргезген жұмыстың нәтижесінде мемлекет қазынасына бір миллиард теңгеден астам қарыз қайтарылды. Ол 7000 автокөлік жүргізушісінің салықтан жалтарған қарызы ғана»,-дейді Алматы қалалық мемлекеттік қызмет басқармасының жетекшісі Орынгүл Қазиева.