ҚР премьер-министрі орынбасары Дариға Назарбаева Татарстан Республикасы президенті Рустам Миннихановты салтанатты ұлықтау рәсіміне қатысу үшін Қазан қаласына барған сапарында Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көшені аралады. Бұл туралы «Қамшы» порталы Татарстан Республикасы баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Татарстан Республикасындағы қазақ ұлттық-мәдени автономиясы белсенділерінің бастамасы бойынша Қазан қаласындағы ірі көшелердің біріне Қазақстанның тұңғыш президентінің есімі берілген болатын.
«Қазақстан президентінің есімімен аталатын көше шынымен де үлкен. Қаланың орталығында орналасқан және 10 қатар арқылы автокөліктер қозғалыс жасай алады. Бұл көшенің бойында Халықтар достығы үйі, Қазан қалалық ботаникалық бақша, Татарстан республикалық филармониясы, Қазан қалалық энергетика колледжі т.б. орналасқан»,- дейді Татарстандағы қазақтар қауымдастығының өкілі Сағит Жақсыбаев.
Татарстандағы этникалық қазақтар мұнымен шектелмек емес. Қазақ мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткерлердің ескерткіштерін қою жоспарланып отыр екен.
Ал, Татарстан президенті Рустам Миннихановты ұлықтау рәсіміне Қазақстан президентінің құттықтау хатын ала келген премьер-министрідің орынабсары Дариға Назарбаев әкесінің атымен аталатын көшені аралап, ондағы қазақ мәдени орталығымен танысқан.
Ал, президентті ұлықтау рәсімінен кейін Дариға Нұрсұлтанқызы Татарстан президентімен екі жақты келіссөздер жүргізген. Келіссөздер барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастар жайы сөз болған. Дариға Нұрсұлтанқызы қарқынды дамып келе жатқан Татарстан Республикасының қазіргі әлеуетін айта келе, Қазақстан осындай мемлекетпен қарым-қатынасты жақсартуды көздейтінін жеткізген.
Рустам Минниханов өз кезегінде Татарстан Республикасы РФ құрамындағы ең ірі экономикалық орталықтардың бірі екенін атап өткен. «Бүгінде Қазақстан мен Татарстан арасындағы сауда айналымы 1 миллиард долларды құрап отыр. Осы қарқынымыздан таймайтын болсақ, бұдан да жақсы нәтижелерге қол жеткіземіз деп сенемін»,-деді Татарстан президенті. Сөз соңында Рустам Минниханов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты өз еліне қонақ болып қайтуға шақырған.
Нұрзат Тоғжан