Жақында суретші Қанат Ибрагимов пен саяси эмигрант Серікжан Мәмбеталиндер ҚР премьер-министрінің отставкаға кетуін талап етіп, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атына петиция жолдаған (http://tribunakz.com/politics/102-kanat-ibragimov-i-serikzhan-mambetalin-trebuyut-otstavki-masimova.html).
«Біз қатардағы қазақстандықтар – премьер-министр мырзаның отставкаға кетуін талап етеміз. Өйткені, біздің Қазақстанның әлеуметтік-саяси құлдырауына себепкер де сол кісі. Соңғы девальвация, жанармай бағасының қымбаттауы, азық-түлік және тауар бағаларының қымбаттауы соның жарқын көрінісі. Егер мәселені шешуге түк қауқарсыз болса – Үкіметтің не керегі бар? Керісінше біздің үкімет сол проблемаларды өздері жасап беріп отыр ғой», дейді белсенділер.
Айта кетейік, 2008 жылы да алаяқтарға алданған салымшылар премьер-министр Кәрім Мәсімовтің отставкаға кетуін талап еткен болатын(http://rus.azattyq.mobi/a/article/1187522.html). Одан кейін «Рух пен Тіл» жастар бірлестігінің ұйымдастыруымен 8 мыңнан астам студент Кәрім Қажымұқанұлын отставкаға жіберугі сұрап, алаңға шыққан (http://www.titus.kz/print.php?id=25596). Алайда , бұл талпыныстардың барлығы дерлік нәтижесіз болған.
Ендеше, 2007 жылдан бастап премьер-министр қызметін атқарып келе жатқан Мәсімов мырзаның премьерліктегі атқарған шаруаларын бір шолып шығайықшы? Аса құрметті премьер министр мырза не бітіріпті, нені бітіруге уақыты жетпей қалыпты?
- Девальвация (http://qamshy.kz/home/show/969). Қатарынан бірнеше мәрте халықты алдап соққан Үкімет девальвация болмайды деп қанша жерден халықты сендіргенімен олар сенімнен шыққалы қашан?! Соңғы девальвациядан қараша халық 50 пайыз шығынға батты. Жүдеп, бітті. Иә, Мәсімов мырзаның арқасында халық пен биліктің арасы алшақтай түсті (http://qamshy.kz/home/show/986).
- Қазақстан мұнайын байғұстың аузын жырып, байдың аузына салып беруден жалықпады(http://qamshy.kz/home/show/1455).
- Қара майдың арқасында үздік отыздыққа кіреміз деп даурығып жүргенімізде әлемдегі ең кедей елдердің қатарынан бірақ шықтық (http://qamshy.kz/home/show/1312).
- Рас, халық «арзандады» деген сөзді естуден күдері үзілген. Еститін тек «қамбаттады». Жылу жүйесі өткен жылғылармен салыстырғанда 53,27 теңгеден 111,15 теңгеге дейін қымбаттаған.
- Коммуналдық қызметке төленетін төлемақы 1 квт электр қуаты үшін 15,4 теңгеге өскен.
- 1 текше метр ыстық су – 35,3 теңгеге көтерілген.
- 1 текше мертр газ үшін бұрынғыдай 652,8 теңге емес, 744 теңге төлейтін күнге жеткенбіз.
- Айтпақшы, мектептегі бір мезгіл берілетін тегін тамақтың өзін көп көріп, «Сатып ішсін!» деген Үкіметтегі шенділер емес пе?! «Содан түскен қаржыны мүгекдек балаларға аударамыз» депті. Ендеше Үкімет өздеріне өздері қайшы келіп отырған жоқ па? Сонда экономикалық әлеуетіміз соншалықты бишара хәлге түскені ме? Көмектескіш болсаңыздар, Семей полигонынан зардап шеккендерді жарылқамақ болып «Невада-Семей» қозғалысының арнаулы қорына қыруар ақша жинап алып, соны бөлісумен байыған Машкевич, Шодиевтерді неге жекпейді? Миттал, Ким, Өтемұратов, Құлыбаевтар ше?(Ғаббас Қабышұлының сөзі)
- Біздегі қалыптасқан демогогтық жүйе бойынша Қазақстандағы кез-келген заңыңыз Мәсімов мақұлдамаса құны көк тиын екенін білесіздер. Ендеше Елбасының тапсырмасын орындауға құлықтылық танытпай, Қазақ Көшінің тұяғына тұсау салып отырған да осы Үкімет емес пе?
- Ал мемлекетіміздің тұғырлы тойы, айтушы дата – Қазақ хандығының 550 жылдығына да қаржы бөлмей, «Қазақ елі» сериалының түсірілімін тоқтатып қойған кім? Әрине,Үкімет!
Түйін: Оқитын көз, ұғатын зейін шамалы мына заманда Қазақстанның Мәсімов мырза тізгінін ұстап отырған Үкіметті он жерден сынасаң да, оңдырып жатқын түгі жоқтығына етіміз үйреніп кетсе керек-ті. Иә, осы жолғы сөзім сәл-пәл қатаңырақ, эмоционалды көрінуі мүмкін. Деседе, ханына сен деп сөйлеген қазақтың ұрпағы болғандықтан сыпайылыққа салынып, сызылмағанды жөн көрдім. Рас, маған дейін мың мәрте қайталанса да, Мәсімов мырза девальвациядан дегбірі қашқан бұл қазақтың шыдамын тауысқаны жасырын емес.
Нұргелді Әбдіғаниұлы