Aтырауда кеше «Азаматтық бастама» қозғалысы белсенділерінің ұйымдастыруымен коммуналдық тарифтердің өсуіне және аймақтағы экологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты наразылық акциясы ұйымдастырылған. Бұл туралы «Қамшы» порталы Азаттыққа сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Атырау тұрғындары бүгінгі митингке «Таза Атырау үшін!», «Тарифті өсірме!», «Тариф өскенде халық күйзеледі, биліктің араны ашыла береді, заң жұмыс істемейді», «Мен әкімдер жалақы алу үшін салық төлеймін», «Әкім Бақтықожа Ізмұхамбетов, тарифті ауыздықтай алмасаң, жалақы алма!» деген жазулар ұстап шыққан.
Бұл туралы «Азаттыққа» митинг ұйымдастырушыларының бірі - «Арлан» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Макс Боқаев хабарлаған.
Қоғамдық бірлестік жетекшісі Макс Боқаевтың айтуынша, жиынды ұйымдастырудағы басты мақсат – аймақта қордаланған әлеуметтік, экологиялық және экономикалық күрделі проблемаларға мемлекеттік органдардың назарын аудару.
Макс Боқаев, «Арлан» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
– Әсіресе соңғы кезде коммуналдық қызмет түрлері бағасының қымбаттауы мен қоршаған ортаның жағдайы тұрғындарды алаңдатады, билік бұл мәселелерде халықтың пікірін ескермей отыр. Біз биліктен аймаққа қатысты шешімдерді қоғамның пікірін ескеріп қабылдауды талап еттік. Митинг резолюциясы тиісті органдарға жіберіледі
Митингке қатысушылар биліктен мектепте балаларды тегін тамақпен қамтамасыз етуді, табиғат қорғау заңын бұзғандары үшін компаниялардан түскен айыппұлдарды аймақтың экологиясын жақсатуға қалдыруды талап еткен. Сонымен бірге, кәсіпкерлер пайдаланылған газ үшін өздерінен монополист мекеменің алдын ала төлем сұрамауы туралы билікке ұсыныс білдірген.
Белсенді бір жарым сағатқа жалғасқан митингке жүзден аса адам қатысқанын хабарлаған.