Алтын адамның мұрасы 

/uploads/thumbnail/20250306164111561_big.webp

2025 жылдың 5 наурыз күні ҚР Президент Әкімшілігінің қолдауымен Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде «Алтын адамның мұрасы» деп аталатын көрме ашылды. Көрме кванттық физика арқылы әлемде тұңғыш рет Есік қорғанындағы Алтын адам мұрасы бойынша прото дәуірдегі алғашқы адамзат тілінің расшифровкасын жасаған жаратылыстанушы ғалым, адамзаттың 50000 жылдық тарихына бойлап, байырғы жаһандық тұлғалар өмірін суреттеп, ежелгі өркениеттердің ғажайып құпиясын бүгінге жеткізген бірегей зерттеуші ғалым – Мағрипа Жылқыбаеваның туғанына 80 жыл толуына орай өткізілуде.

Екі аптаға созылатын көрменің ашылу рәсімінде Жапониядағы Хоккайдо университетінің Құрметті профессоры, физик ғалым Фудзий Кандзидің құттықтауы оқылды. «Қадірлі қонақтар! Мынау қарбалас заманда «Алтын адамның мұрасы» көрмесіне уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге көп рахмет! Өкінішке орай, мен бұл шараға қатыса алмадым. Бірақ алыстағы Жапонияның Хоккайдо өңірінен көрменің ашылуына орай сәлемімді жолдап, бір ауыз құттықтау лебізімді жеткізгім келеді. Бұл көрме, Жамбыл ауылында туып-өскен марқұм ғалым Жылқыбаева Мағрипаға (1945~2019)арналып ұйымдастырылып отыр. Ғылым докторы Мағрипа Жылқыбаева 1995 жылға дейін Ленин атындағы Қазақ политехникалық университетінде доцент қызметін атқарып, радиация мен қоршаған орта экологиясына қатысты көптеген ғылыми еңбектерді жариялады.

1989 жылдан бастап, Қазақстанның Есік қаласы аумағындағы қорғаннан табылған ежелгі Сақтың Алтын адамымен бірге шыққан күміс зереншеге бедерленген 26 таңба туралы физика ғылымының амалдарын қолданып зерттеуді бастап, көптеген құнды еңбектерді қалдырды. Оған қоса иероглифтердің ең көне архетипін зерттеп, жартастарға қашалған мыңнан астам суреттердің мәнін ашып оқыды.

Доктор Жылқыбаева зерттеген петроглифтердің ішінде, Қазақстанның Алматы облысында орналасқан «Будда жазулары» деп аталатын жартасқа бедерленген жұмбақ мәтін мен Іле өзені бойындағы «Будда суреттерінің» шифры кіреді. Мен, Фудзий Кандзи 2015 жылы ғалымның қызы Шарафат Жылқыбаевамен бірге Жамбыл ауылына бардым және доктордың ғылыми мұрасымен танысу мүмкіндігіне ие болдым.

Бұл көрмеде ғылым докторы Мағрипа Жылқыбаеваның өмірі мен еңбектерін таныстыратын әртүрлі стенд-стеллаждар бар. Сіздер көрмеге қойылған материалдарды тамашалау арқылы ғалымның ұлы мұрасымен жақынырақ танысады деген ойдамын. Сонымен қатар бұл көрме арқылы жаңаша білім нәрімен сусындап, рухани қуат алады деп үміттенемін. Осы көрмені ұйымдастыруға қолдау көрсеткен барша азаматтарға шексіз алғысымды айта отырып, игілікті іс жалғасын табады деп сенемін» делінген жапон ғалымының жеделхатында.

Жиында Қазақстан Республикасының Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитеті төрағасының орынбасары Рустам Музафаров Қазақтың рухани мәдениетінің өткені туралы баяндама жасап, «Мәдениет – рухани өмірдің өзегі» екендігін атап өтті. Жиында ғалымның көзін көрген жандар естеліктерімен бөлісіп, «Үш қиян» баспасынан жарық көрген «Алтын адамның аманаты», «Алтын адамның мұрасы» және «Құпия күштер құдіреті» деп аталатын кітаптардың таныстырылымы болды.

 

Базар Самаликов, Мағрипа Шөжеғұлқызының шәкірті, Қазақстан Республикасы метро құрылысына еңбегі сіңген қайраткер:  

– Мен В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтында оқығанмын. Алматы метро құрылысының басында Мағрипа Жылқыбаева сияқты ұлағатты ұстаздардың дәрісін тыңдаған, осы университетті бітірген менің замандастарым тұр. Мағрипа Шөжеғұлқызы ЖОО-на түскенде бағыт-бағдар берген, өмір туралы білімді бойыма сіңірген ұстазымның бірі. Ол кісімен алғаш рет 1976 жылы армиядан келгенде университеттің дайындық факультетінде кездестік. Мағрипа Шөжеғұлқызын студенттер жақсы көретін. Мен де оны жақсы көрдім. Мінезі жайдары, тамаша кісі еді. Қандай жағдай болса да ешқашан қабағын шытып ашуланбайтын.

1978 жылы Томскіге баяндама жасауға барарда пойызға шығарып салғаным есімде. Одан кейін мен Жезқазғанға кеттім. Жезқазған кен байыту комбинатында алғашқыда тау кен мастері кейін участок меңгерушісі, шахтаның бас инженері, шахта бастығы болып жұмыс істедім. Он жылдан соң Алматыға оралдым. Қаланың ортасынан үй алғанда отбасымызбен араластық. Алтын адамның таңбаларын зерттеуге ұзақ жыл жұмсады. Қажырлы еңбектенуден жалықпайтын, ғылымға шын берілген адам болатын. 2019 жылы ұстазымды ақтық сапарға шығарып салдық. Әрине, осындай ғұлама ғалымның өмірден ерте кеткені өкінішті. Артына мол мұра қалдырды. Жастар еңбектерін оқып жүрсе, қазақ ғылымының тамыры тереңде екенін түсінсе деймін.

Камила Тлешқызы Тұматаева, Алматы қаласының тұрғыны:

– Менің жолдасым Сәмидин Тұматаев пен Мағрипа Шөжеғұлқызы Алматы облысы Жамбыл ауылында дүниеге келген. Екеуі де В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтында жұмыс істеді. Мағрипа физик, жолдасым математик еді. Жолдасым Мағрипаның әріптесі әрі сыйлас ағасы болды. Бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстары да бар, оқулықтар жазған. Отбасымызбен жақсы араластық. Жолдасым балаларға оның еңбекқорлығын, ізденімпаздығын үлгі ғып айтып отыратын, «Мағрипа сияқты еңбек етіңдер» деп. Мағрипа Шөжеғұлқызы «Квант», «Наука и жизнь», «Природа» сияқты журналдарды жаздырып алатын. Қоршаған орта, табиғатқа адамның әсері жайында зерттеулер жүргізетін. Өсімдіктерді зерттегені есімде. Адам энергиясының өсімдіктерге әсері. Алтын адамды зерттеуді бастағанда ауырды. Жолдасым «Бұл ауыр жұмыс, таста! Одан да өзіңнің жағдайыңды ойла» деді. Бірақ Мағрипа алған бетінен қайтпады. Өмірде көп қиындық көрген адам. Алтын адамға қатысты елбасына, үкімет басшыларына хат жаздым деп жолдасыма звондап айтып отыратын. Біздің үйде Мағрипа жазған Алтын адамның кітаптары бар. Әрине, біз оны жақсы танығандықтан, кім екенін білеміз деп ойлайтынбыз. Мен оның шын болмысын Алтын адамның кітаптарын оқыған кезде түсіне бастадым. Жолдасым тірі болса «Мағрипа жақындарының қарсылығына қарамай Алтын адам жазуын зерттеп еді, ақыры тарихты қопарып шығарыпты ғой» дейтін еді. Халық Қаңтар оқиғасында біраз қиыншылық көрді, енді ондай қиын кезең болмасын. Ғалым мұрасы мемлекет дамуына қызмет етсін.

Нұрдәулет Ақыш, филология ғылымдарының докторы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Ғалымдардың жан-дүниесін түсіну оңай емес. Мағрипа Жылқыбаева физика, Алтын адам ғана емес, әдебиеттану бойынша да зерттеулер жүргізген. Бүкіл өмірін ғылымға арнаған. Соңғы кезде пәнаралық байланысты

Білім министрлігі қолға ала бастады. Ал Мағрипа Жылқыбаева оны баяғыда бастап кеткен. Әртүрлі ғылым салалары бойынша кешенді әрі салыстырмалы зерттеу жүргізумен кез-келген ғалым айналыса алмайды. Дамуды ойлаған елде ғалымдарға алдыңғы кезекте орын берілуі керек. Біз Жамбылдың өлеңдерін білеміз, ал оның құпия қырлары туралы Мағрипа Жылқыбаеваның еңбектері арқылы біліп отырмыз. Жыраудың ерекше қасиеттерін жаратылыстану ғылымдары тұрғысынан зерттеген. «Жамбылда телепаттық қасиет болған» дейді ғалым. Бақсы-балгерлер қайдан шықты? «Жамбылдың жұмбақ әлемі» кітабында ғылыми терминдерді қолданып соны түсіндірген. Мағрипа Жылқыбаева мұрасын зерттейтін жас ғалымдар көбірек шықса мемлекетке пайдасы зор.

Махмут Қосмамбетов, «Үш қиян» баспасының директоры:

– Шын ғалым қандай болады? Шын ғалым дүниеден биік тұрады.

Эйнштейннің 1922 жылы «Атақ қуған, дүние қуған, байлық қуған жанталас өмірден қарапайым ғұмыр кешу анағұрлым бақыттырақ» деп Токиода айтқан сөзі бар ғой. Кеше бір университетте ғылыми конференцияда болдым. Ғылыми атақтының бәрі ғалым емес. Кеудесіне галстук тағып шітірейіп жүретін боскеуде профессорлар да бар. Былтыр Жамбыл ауылына барып ғалым білім алған мектептегі «Алтын адам» музей кабинетін көріп, оқушылармен кездестім. Ерекше таза аура бар бұл кабинетте. Тамыры терең халықпыз ғой. Мен өзім Маңғыстаудың жігітімін. «Алтын адамның мұрасы» деген кітапта «Маңғыстауда 41 хандық болған» деп жазылған. 

 

 

 

Связанные теги :

Оставить комментарий

Связанные Статьи