Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жедел жәрдем қызметін жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне беру ұсынысы қарастырылып жатқанын айтты.
Ақмарал Әлназарова мәжілісте МӘМС жүйесі туралы заң жобасын таныстыру барысында жаңа ұсыныс қарастырылып жатқанын сөз етті.
"Жедел жәрдемге байланысты проблема жоқ емес, бар, осы орайда келесі жылы барлық облыс жергілікті бюджет есебінен тиісті қаражат бөліп, жедел жәрдем көлігі мәселесін шешуді жоспарлап отыр. Бізде тағы бір ұсыныс бар, жедел жәрдем қызметінің тиісті тарифін белгілеп, жергілікті атқарушы органдарға беру мәселесі қаралуда", — деді мәжіліс депутаттарының сауалына жауап беру кезінде Ақмарал Әлназарова.
Одан әрі министр жедел жәрдем қызметін өңір әкімдіктерінің құзыретіне берудің себебін атады.
"Көлік, инфрақұрылым, автокөліктер тұрағы мәселелерін шешу, бригадалардың санын көбейту жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде болуы керек. Қаражат бөлу, басқа да мәселелер тез арада шешіледі", — дейді ол.
Бұған дейін Ақмарал Әлназарова 2027 жылдан бастап жедел жәрдем қызметі бойынша жаңа норма енгізілетінін мәлімдеген еді.
Одан бөлек Денсаулық сақтау министрі медицина саласына инвестиция құйғысы келетін кәсіпкерлерге жол ашық екенін жеткізді.
Оставить комментарий