Қазақстан жаңа экспорттық бағыттарды игеріп, астық нарығындағы географиясын кеңейтіп жатыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
2024–2025 жылғы маусымның (қыркүйек–сәуір) қорытындысы бойынша, астық пен ұн экспорты (астық баламасында) шамамен 10 млн тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 37,4%-ға артқан. Әдетте жыл сайынғы жөнелтілім көлемі 7–8 млн тонна деңгейінде болатын.
– Былтыр диқандар рекордтық өнім жинады, бұл экспорт әлеуетін едәуір арттырды. Жыл соңына дейін Қазақстан шетелге 12 млн тоннаға дейін астық жөнелте алады, – делінген министрлік хабарламасында.
Жаңа бағыттар: Марокко мен Вьетнам
Мамыр айының соңына дейін Азық-түлік келісімшарт корпорациясы Мароккоға алғашқы 60 мың тонна бидай жөнелтуді аяқтамақ. Сонымен қатар, Вьетнамға 15 мың тонна көлеміндегі сынамалық партияны жеткізуге келісімшарт жасалды.
Экспорттың дәстүрлі бағыттарында да өсім бар
2024–2025 жылдар аралығындағы қыркүйек–сәуір кезеңінде дәстүрлі нарықтарға жөнелтілген астық пен ұн көлемі де айтарлықтай артқан:
-
Өзбекстан – 2,6 млн тоннадан 3,3 млн тоннаға дейін (+28%)
-
Тәжікстан – 807,4 мың тоннадан 1,2 млн тоннаға дейін (+44%)
-
Қырғызстан – 116,6 мың тоннадан 278,1 мың тоннаға дейін (2,4 есе өскен)
-
Иран – 54 мың тоннадан 889 мың тоннаға дейін (16 есе өскен)
-
Әзербайжан – 5 мың тоннадан 569 мың тоннаға дейін (113 есе өскен)
-
Ауғанстан – 202 мың тоннадан 270 мың тоннаға дейін (+34%)
Сонымен қатар, Қытайға экспорт көлемі 1,8 млн тоннаны құрап, өткен маусымға қарағанда 27%-ға өсті.