Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов мемлекет және қоғам қайраткері Саттар Нұрмашұлы Имашевтің 100 жылдығына арналған конференцияда оның өмір жолы мен елге сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың мерейтойын «тойлау үшін емес, ой толғау үшін өткізіледі» деген еді. Сол сияқты Саттар Имашевтің мерейтойы – біздің халқымыз үшін терең ойланатын, тағылым алатын кезең. Ол – ел тарихында өшпес із қалдырған, парасатымен танылған тұлға, – деді депутат.
Саттар Имашев – Қазақстанның кеңестік және тәуелсіз кезеңдеріндегі дамуына үлес қосқан ірі қайраткер. Ол индустрияландыру, соғыстан кейінгі қалпына келтіру, ауыл шаруашылығын көтеру мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында белсенді еңбек етті. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы ретінде елге адал қызмет етіп, әлеуметтік әділеттілікті, ұлттық мәдениетті қорғауға күш салды.
Тұрғанов сонымен қатар қайраткердің білім беру, денсаулық сақтау, жастар мен әйелдердің құқықтарын кеңейту, ұлттық дәстүр мен тілді сақтау бағытындағы еңбегін де ерекше атап өтті.
Осыған орай, депутат мынадай ұсыныстарын жеткізді:
-
Астана мен Алматы қалаларындағы көшелердің біріне Саттар Имашевтің есімін беру;
-
Ақтөбе облысында қайраткердің есімін ұлықтау шараларын өткізу;
-
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің тарих факультеті студенттеріне арналған арнайы шәкіртақы тағайындау;
-
Алматы қаласындағы Имашев тұрған үйге ескерткіш тақта орнату.
– Қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Саттар Нұрмашұлы – жастар үшін елге адал қызмет етудің жарқын үлгісі, – деді депутат.
Айта кетейік, конференция барысында қатысушылар Саттар Имашевтің саяси мұрасын, мемлекет құрылысы мен заңнаманы дамытудағы рөлін және қазіргі заман үшін маңызын талқылады.