Жетісу облысы Ақсу ауданы Баласаз ауылында 32 жастағы Айзат Жұманованың кішкентай қызының көз алдында өлтірілгені хабарланды. Бұл қайғылы оқиғамен журналист Сандуғаш Дүйсенова өзінің Инстаграм парақшасында бөлісті. Қылмысқа күдікті ретінде оның күйеуі – Айбар Жанболат танылып отыр,
Туыстарының айтуынша алғашында ерлі-зайыптылар арасында жанжал болған Кейін бұл кикілжің бірнеше сағатқа созылған жантүршігерлік қорлыққа ұласқан. Күйеуі әйелін аяусыз соққыға жыққан.
Сондай-ақ жақындары Айзаттың қолын арқанмен аттың еріне байлап, далада сүйреп жүргенін айтқан.
"Ескі өлім салттары секілді оны байлап сүйреп жүрген. Денесінің сау-тамтығы қалмады", деген көз жасын тыя алмаған анасы Салтанат Жұманова.
Айзаттың күйеуі – шаруа қожалығын жүргізеді. Оның ірі жылқы шаруашылығы бар. Айзат бірнеше дене жарақын алған: тізе терісінің жыртылуы, саусақтардың шығып кетуі мен сынуы, сіңірдің үзілуі, терінің сыпырылып, қанға боялуы. Бұл Айзаттың сағаттар бойы азапталғанын көрсетеді.
Марқұмның сіңілісі мәйітті жуындыру кезіндегі көрген сұмдық жайтпен бөлісті:
"Киімін шешкен кезде жыламай тұра алмадық. Анам сол жерде есінен танып қалды. Денесінде сау жер жоқ еді. Бір де бір…", дейді Айзаттың сіңілісі.
Ал тәтесі Раушан Дәуренбекова Айзаттың сағаттар бойы азапталғанына сенімді.
"Өзім 30 жыл фельдшер болып істедім. Мұндай жарақаттар құлау не төбелестен болмайды. Бұл жерге сүйрелгеннен қалған", деген ол.
Айзаттың жақындағы қорқынышты оқиғаның куәсі болған 2 жасар қыздың әлі психологиялық шокта екенін айтты.
– Ештеңе айтпайды, тек басын ұстап алып, «мама, мама» деп күбірлей береді. Көлеңкеден қорқады, түнде ұйықтамайды. Бәрін көрді, бірақ сөйлей алмайды, – дейді туыстары.