Тоқаев жаңа Салық кодексіне қодексіне қол қойды

/uploads/thumbnail/20250718164547204_big.webp

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексіне қол қойды, деп хабарлады Aqorda.

Кодекс бойынша салықтардың саны 20 пайызға азаяды, ал жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады.

Мәселен, бірыңғай жер салығы қысқартылды, жеке төлемақылар бойынша мөлшерлемелер мен алымдардың саны азайтылды.

Кодекстің негізгі жаңалықтары:

  • қосылған құн салығы бойынша міндетті есепке қою үшін айналымның төменгі шегі 10 мың айлық есептік көрсеткішке (40 миллион теңге) дейін төмендетіледі;
  • қосылған құн салығының жаңа базалық мөлшерлемесі - 16 пайыз;
  • дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі белгіленді (2026 жылдан – 5 пайыз, 2027 жылдан – 10 пайыз);
  • мерзімді баспа басылымдарды өткізу бойынша қосылған құн салығы 10 пайыз.

Ал тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясындағы қызметтер, орфандық және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу, сондай-ақ, баспа түріндегі кітап шығару, археологиялық жұмыс жүргізу қызметтері қосылған құн салығынан босатылады.

"Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан босатылады. Пайдаланылу мерзімі 10 жылдан жоғары автомобильдер үшін көлік салығы төмендетілді. Мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік салықтық шегерімдер 882-ден 5000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды", - делінген ресми хабарламада.

Арнаулы салық режимдері оңтайландырылды. Оны тек өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтіндер және шаруа қожалықтары қолдана алады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар төлемдерді мобильдік қосымша арқылы есептеп, төлей алады.

Байлыққа салынатын салық артады

Алдағы уақытта жеке табыс салығының прогрессивті мөлшерлемесі енгізіледі. Оған сәйкес, жылдық жалпы табысы 8 500 айлық есептік көрсеткіштен (2025 жылда – 33,4 млн теңгеден) асатын азаматтарға 15 пайыз салық мөлшерлемесі қолданылады.

"Сол сияқты дивиденттері мен табыс көлемі жылына 230 мың АЕК-тен асатын кәсіпкерлер осындай мөлшерде салық төлейді. Ал фермерлердің осы межеден асатын табысына бұрыннан сақталған 70 пайыз жеңілдікті есепке ала отырып, 4,5 пайыз салық салынады", - делінген заңда.

Бұдан бөлек, 10 пайыз акциз түрінде салық қымбат өнімдерге салынады.

Олар:

  • құны 75 миллион теңгеден асатын автокөліктер;
  • құны 100 миллион теңгеден асатын кемелер;
  • әр литрінің құны 500 мың теңгеден асатын алкоголь;
  • әр данасының құны 10 мың теңгеден асатын темекі өнімдері;

Сонымен қатар жалпы құны 450 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлік нысандарына мүлік салығы жоғарылайды.

Корпоративтік табыс салығы не болады?

Корпоративтік табыс салығы 20 пайыз деңгейінде сақталады. Алайда сараланған салықтық мөлшерлеме енгізіледі:

  • банктер (бизнес субъектілерін кредиттеуді қоспағанда) мен ойын бизнесі үшін – 25 пайыз; әлеуметтік сала ұйымдары үшін 2026 жылы - 5 пайыз, 2027 жылы 10 пайыз;
  • ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 3 пайыз жеңілдетілген мөлшерлеме қалады.

Ал қор нарығын ынталандыру үшін биржалық құнды қағаздарға төленетін дивиденттерге салық жеңілдіктері сол күйі сақталады. "Бәйтерек" холдингі шығарған құнды қағаздардан түсетін кіріс 2031 жылға дейін КТС-тан босатылады. Ал пайдалы қазбаларды өңдеу мен геологиялық барлау саласында тиімділігі төмен жаңа учаскелер 5 жылға пайдалы қазбаларды өндіру салығынан босатылады. Кәсіпкердің салық берешегі аз болса, есепшоттары бұғатталмайды. Қарыз сомасына қарай ескерту және басқа да шаралар кезең-кезеңімен қолданылады.

Жаңа Салық кодексі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Связанные Статьи