Threads желісінде "Қазақстан мамбеттермен танымал", "мұсылмандар - шошқалар" деген мәлімдемелер жасаған кәсіпкер Алика Мұхамадиева қамауға алынды. Қазір ол тергеу изоляторында. Бұған дейін оның әлеуметтік желіде жазған бірнеше пікірі қоғам наразылығын тудырған болатын.
Кейін қаржы сарапшысы Айбар Олжай кәсіпкердің үстінен Бас прокуратураға арыз түсіргенін және Алика Мұхамедиеваның үстінен іс қозғалғанын хабарлаған болатын.
Қазір Алика Мұхамедиева Threads желісіндегі парақшасын өшіріп, халықтан кешірім сұраған видеосын жариялаған.
"Бүгін түнде мүлде ұйықтаған жоқпын. Тек осы жағдайды, айтқан сөздерімді ойлап, ойланып шықтым. Бұл адамдар үшін қаншалықты ауыр екенін енді түсініп отырмын. Кішкентай қызым мен күйеуіме қарадым, оған да қатты кінәлі екенімді сезіндім. Менің жүрегім қаншалықты ауырып тұрғанын, сіздер елестете алмаймыздар… Мұны сөзбен жеткізу қиын. "Қазақстан осы сөз арқылы танылды" дегенде, бүкіл халықты айтып тұрған жоқпын. Жалпы ешқашан мемлекетті жамандаған емеспін. Өйткені, егер мен осы елде тұрып, осы жерде бизнес жасап жүрсем, бұл елді жақсы көремін деген сөз", – деді кәсіпкер.
Бірақ оның кешірім видеосы жазадан сытылып шығуына көмектесе алмайды. Өйткені полиция аталған іс бойынша тергеу жұмыстарын бастап кеткен. Енді оның кінәсі дәлелденсе, 2 жылдан 7 жылға дейін сотталуы мүмкін.