Соғыстың жақсысы жоқ. Бұл – талассыз түсінік. Қанға бөккен соғыс алаңы – бірнеше буын жетім бала, жесір әйел, тұралаған әл-ауқат, қираған мекеннің кепілі. Агрессордың шабына ши жүгірткен кім?
Көптен бері 70 жылдары халықаралық дипломатияда елеулі еңбек еткен, 1969-1975 жылдары АҚШ президенттері Ричард Никсон мен Джеральд Фордтың қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесшісі, 1973-1977 жылдары АҚШ Мемлекеттік хатшысы қызметін атқарған Генри Киссинджердің еңбектеріне терең бойладық.
Ғасырдың жүзін көрген Киссинджердің іргелі еңбектерінің бірі – «Әлемдік тәртіп». Реалист саясаткер осы еңбегінде Вестфаль келісімін негізге ала отырып, батыс елдері қауымдастығының Ресей, Қытай факторларын ескермегенін сынға алады. Сынап қана қоймайды, әлемдік тәртіп державалар арасындағы өзара күш теңгеріміне тәуелді екенін дәлелдейді.
Украинаның территориялық тұтастығына, ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндірген соғыстың басталғанына 4 жылға таяп келеді. Санаулы күнде соғыс тоқтатам деген Трамптың өзі тырапай асты. Жер-жаһан жүзіндегі 6 соғысты тоқтатқанына баса назар аударған Трамп риторикасынан бұл қақтығыстың ол үшін маңызы азайып кеткенін байқап отырмыз. Үміт – алдағы келіссөздерде. Егер Зеленский-Путин кездесуі өтсе, онда Путин келіссөздер жүргізе отырып Зеленский билігінің легимтимділігін мойындады деп санауға болады.
Соғыстың неге басталғаны көпшілікке белгілі. «Неонацизм, русофобия» деген сөздер – жай ғана желеу. Кикілжіңнің түбі – әлемдік тәртіптің бұзылуы. Державалар арасындағы теңгерім жойылғанда барлық халықаралық құжаттардың да мәні жойылады. Мұндайда алып мемлекеттер өз ықпалын сақтап қалу үшін барлық айла-шарғыны қолдануды жөн санайды.
Батыс елдері қауымдастығы Украинадағы дағдарыстың барлық жауапкершілігін Ресейге жүктейді. Путинді Кеңес одағын қайта құруға ұмтылып, 2014 жылы Янукович биліктен айырылып қалғанда Украинаның жарты территориясын басып алуды көздеді дейді. Және дәл осы риторика барлығына тән. Әділеті қайсы? Әрине, мақсатымыз Ресейдің басқыншылық саясатын ақтап алу емес, бұған ешкім мұқтаж да емес. Тек мәселеге түзу ракурстан қарап көргіміз келеді.
Ресейдің де, АҚШ-тың да түпкі ұстанымдары біздің менталитетімізге, ұстаным-көзқарасымызға жат. Оларға тән нарратив бізде жоқ. Өйткені, біз болмысымыздан бейбітшілікке ұмтылған, қазыналы жерімізді сақтауды мұрат тұтқан, бүгінде тұрақты дамуды көздеген елміз. Ал әлемдік тәртіпті қалыптастыратын державалар арасындағы қатынастың психологиясы мүлде басқаша.
2004 жылы Украинадағы президент сайлауының экзит-полл қорытындысы бойынша Януковичтің Ющенкодан басым түскені «қызғылт-сары революцияға» негіз болды. Бұл – бір күнде ұйымдасқан бас көтеру емес еді, бұл – ЕуроОдақтың жылдар бойы Украинаны Ресейдің стратегиялық ықпалынан ажыратуға ұмтылысының нәтижесі болатын. Бұған НАТО альянсының, демократиялық қозғалыстардың Еуропа шығысына қарай белсенді жүргенін жеке фактор ретінде қосамыз. Әрине, бұл кәрі құрлық жұртының таңдауы ғана емес, ЕуроОдақ елдеріне талассыз жоғары ықпал ететін АҚШ-тың айрықша күшеюі еді.
Ресей қызығушылығын қорғайтын және ықпал аймағына кепілдік беретін әрі «демократиялық жолмен сайланған» Украина президентінің биліктен тайдырылуы Путинге, сол кездегі ресейлік билік элитасына үлкен соққы болды. 90-жылдардың ортасында ресейлік билік элитасы НАТО-ның шығысқа қарай кеңеюіне қатты қарсылық танытты. Украинаның уыстан шығып бара жатқаны Ресей үшін аса ауыр соққы болды және Путин Қырымды басып алды. Осылайша Украинаның батысқа қарай бетбұруы ел ішіндегі тұрақсыздыққа алып келді.
Әлемдік тәртіптегі теңгерімді сақтап тұрған державалардың саяси ұстанымы өзгере қоюы қиын. Егер өзгерсе, бұл – жаһандық жаңа тәртіптің орнай бастауының көрінісі. Демек, Ресейдің тұтқасын ұстайтын кез келген саясаткер Украинаның антиресейлік аймаққа айналуына соңына дейін қарсы тұрады. Бір ғана өзгерген құндылық – демократия, тәуелсіз институттар мен адам құқықтарын алға тарта отырып, либералды иллюзия қалыптастыру және осылайша державалардың дәстүрлі тартысының формасы өзгеруі.
Путин мен Лавровтың өзгермейтін риторикасындағы «жанжалдың негізгі себебі» – НАТО-ның кеңеюі. Бұл осылан ширек ғасыр бұрын басталған еді. 1999 жылы Польша, Венгрия, Чехия НАТО құрамына кірді. Ал 2004 жылы Балтық елдерін қоса алғанда Шығыс Еуропадағы жеті мемлекет альянс құрамына кірді. Ал ең негізгі шыдамды тауысқан қадам – 2008 жылы Украина мен Грузияның НАТО құрамына қосылатыны туралы келіссөздер мен уәделер еді. Кәрі тарихтан білеміз, 2008 жылдың тамызында Ресей әскері Грузияға басып кірген. Бірақ батыс елдері бұл сигналды да елемей Украинамен интеграцияны күшейте берді.
Біз сөз басында ой жалғаған Генри Киссинджер де сонау 2014 жылдан бастап ғасыр жасап тұрғанда да «бұл соғыстың жауапкершілігін тек Ресейге артуға болмайды, ЕуроОдақ пен АҚШ та тікелей жауапты» деп пікір білдірген, арнайы эссе жазған. АҚШ пен ЕуроОдақтың Януковичті тақтан тайдыруға алып келген баскөтерулерді ашық қолдауын Ресей «Украинаның ішкі ісіне араласу» деп бағалады. Логикаға томпақ келеді деу қиын. Державалардың ықпал аймағын соңына дейін қорғайтыны бесенеден белгілі еді.
Әлемдік тәртіп қағидаларына сүйенсек, Ресейдің бұл әрекеттерге күшпен жауап берері анық еді. Қырымда басып алды да, стратегиялық мәні бар қадам жасады. Бұл – жанжалды күшпен реттеу процесінің басы еді. Ал Севастополь – Қара теңіз флотының базасы. Осыдан кейін ресейлік саяси технологтар Украина шығысындағы ішкі қайшылықтарға астыртын айтақ қоса берген. Он жылға жуық уақытта тұтас өлкедегі бір қара қауымның Ресей саясатын қолдап шыға келуі – сол астыртын саясаттың жемісі. Жалғыз мақсат – Киевтің батыс елдерімен интеграциясын уақытша болса да тежеу. Ал оның салдары – мысалы, санкциялар екінші деңгейлі сұрақтар қатарына көшеді.
АҚШ-тың Украинадағы дағдарысқа жауапты болатын себебі – басты бәсекелесінің бірі Ресейдің геосаяси қызығушылықтарына немқұрайлы қарағаны, халықаралық қатынас саясатының реалистік логикасын ескермегені. Әрине, Ресейдің басқыншылық саясатын АҚШ-тың әрекеті ақтап ала алмайды. Айтпағымыз – әлемдік тәртіпті қамтамасыз ететін, жаһандық қатынас жүйесінің негізі болатын державалардың жауапсыздығы, соның әсерінен туған жанжал, жанжалдың арты қанды қырғын соғысқа айналғаны.
Әлемдік саясатта державалардың қолтығына кіруден басқа жол десек, өрескел қате болады. Әсіресе, екі державаның ықпал аймағының ортасындағы елдерге нейтраитет ұстанымы тән. Қазақстанның сыртқы саясаты – осы сөзіміздің айқын дәлелі. Бұрынғы Қазақстан державалар арасында теңгерімге үміт артса, жаңа Қазақстан державалар арасындағы теңгерімді қалыптастыруға белсенді араласып келеді. Тағдыры бір, тарихы ұқсас Украинаның да ұтымды жолы осы еді. Қандай да бір державаның әскери аймағына айналғанша, бейтарап әрі егемен өмір сүрген артық!