«Фарабитанушылармен кездесу» - рухани сабақтастық пен ғылым тоғысқан тағылымды жүздесу

/uploads/thumbnail/20251107095442923_big.webp
Қазақтың қара шаңырағы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде адамзат өркениетіне орасан ықпал еткен, әлемдік философия мен ғылым тарихындағы теңдессіз тұлға, Шығыстың екінші ұстазы атанған Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1155 жылдық мерейтойына арналған «Фарабитанушылармен кездесу» атты тағылымды іс-шара өтті.

Бұл кездесудің негізгі мақсаты – ұлы ойшылдың рухани мұрасын кеңінен насихаттап, студенттер мен жас ғалымдарды ғылымға, ізденіске, жаңа идеяларға ынталандыру.

Іс-шара барысында әл-Фарабидің әлемдік өркениет үшін маңызын айқындайтын еңбектері, оның философиялық ой-толғамдары, парасат пен ізгілікті ту еткен дүниетанымы кеңінен талқыланды. Әл-Фараби – тек өзінің дәуірінде ғана емес, қазіргі цифрлық трансформация кезеңінде де адамзаттың рухани бағдарын айқындаушы кемеңгер. Оның рационалдық ойлауды, білім мен адамгершілікті үйлестірген идеялары ХХІ ғасырда гуманизм мен интеллектуалдық мәдениеттің негізіне айналуда.

Кездесуге университеттің жетекші профессор-оқытушылары, докторанттар, магистранттар, сондай-ақ «Фарабитану» бағыты бойынша ғылыми зерттеу жүргізіп жүрген жас ғалымдар қатысты. Шараны «Әл-Фараби» ғылыми-зерттеу орталығы мен университеттің ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі департаменті бірлесе ұйымдастырды. Жиында «Фарабитанудың» қазіргі ғылыми бағыттары, ойшылдың философиялық, педагогикалық және әлеуметтік көзқарастарының заманауи ғылыммен байланысы жан-жақты талданды.

«Әл-Фараби» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, саясаттану ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Пірімбек Мұханбетұлы Сүлейменов өз сөзінде: «Фараби мұрасы – тек өткеннің жәдігері емес, ол – бүгінгі және болашақ ұрпақтың рухани және ғылыми бағдаршамы. Университетіміздің миссиясы – осы мұраны заманауи ғылыммен ұштастыра отырып, білім мен мәдениеттің жаңа көкжиегін ашу», - деп атап өтті.

Кездесу барысында қатысушылар Фараби еңбектерін зерттеудегі тәжірибелерімен бөлісті. Осындай ауқымды әрі маңызды шараның өткізілуі – университеттің өз миссиясына, яғни ұлы ғалымның идеяларын зерттеу, дәріптеу және өмірге енгізу ұстанымына адалдығының көрінісі. Бұл кездесу жас ұрпақтың ғылымға деген қызығушылығын арттырып, рухани сабақтастықты нығайтып қана қоймай, «Фарабитану» ілімін әлемдік деңгейге шығаруға жаңа серпін береді.

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Философия және саясаттану факультетінің
Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының 2 курс докторанты Амирканов М.Б.

Связанные Статьи